Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазығұрт аудандық ауруханасы 300-ге жуық науқасқа арналған. Оның ішінде 100-і провизорлық орын, деп хабарлайды Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауруханада 7 өкпені жасанды желдеткіш аппараты мен 7 оттегі концентраты бар. Сондай-ақ, жедел пульсометр, термометрлермен қамтылған. Ауруханада қазіргі таңда індетке қажетті барлық дәрі қоры жеткілікті.
Пандемия басталғалы онда 520 науқас түсіп, 430-ы жазылып шықса, қазір 84 адам ем алуда. Сондай-ақ, ауданда науқастарды үйлеріне барып емдеу үшін 21 мобильті топ құрылған.
Айта кетерлігі, қазығұрттық кәсіпкер Ерлан Досанбаев аудандық орталық ауруханаға 5 дана оттегі концентратын тарту еткен. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қытай елінен гуманитарлық көмек ретінде келген медициналық қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектер аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Бұл препараттар емделушілерге дәрігердің нұсқауымен тегін тағайындалады. Барлығы арнайы мониторингтік топтың жіті қадағалауында.