Президент ұсынысымды бірден қолдады – Рахымбеков

27 Мамыр 2020, 19:12
1791
Бөлісу:
Президент ұсынысымды бірден қолдады – Рахымбеков
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" ҰАК басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков Президент қатысуымен өткен Ұлттық кеңес отырысында көтерілген мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.

Былтыр шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жарлығымен Ұлттық кеңесті құрған болатын. Бірінші отырысы қыркүйекте, екінші отырысы желтоқсанда, ал үшінші отырысы міне, бүгін өтті. Өзі жоспарланғандай, кезең-кезеңмен, салалардың мәселелерін қарастыруға кірісіп отыр. Соның ішіндегі ең үлкен мәселе білім, ғылым және денсаулық сақтау саласына байланысты болды. Осы сұрақтар кеңінен талқыланды. Бес кеңес мүшесі өз салалары бойынша мәселелерін айтып сөз сөйледі. Президент кеңес барысында барлығын болмаса да көпшілік мәселені қолдап, тиісті тапсырмаларды берді, - деді басқарма төрағасы. 
Сонымен қатар ғылым мәселесін, оның ішінде аграрлық ғылым туралы сұрақтарды басты назарға қойғанын атап өтті. 
Егер де біз ғылымды дамытамыз десек, ең бірінші ғалымдардың санын көбетуіміз керек. Өкінішке орай соңғы 30 жылдың ішінде 1 млн тұрғынға шаққанда адамдардың саны 2,5 есеге төмендеп кеткен. Бұрын мысалы 2,5 мыңға жуық болса, қазір мыңнан төмен. Бұл не себептен? Біріншіден, әрине, ғалымдардың жалақысы болады. Екіншіден, магистратура немесе докторантура оқыған кезде стипендиялары өте төмен. Мысалы, магистранттардың стипендиясы 66 мың теңге, ал докторанттікі 102 мың теңге. Ал енді докторанттың өзін алатын болсақ, 30-дан асқан отбасын құрған адамдар оқиды. Ол сол 102 мың теңгеге отбасын асырай ма немесе ғылыммен айналыса ма? Сондықтан осы мәселені алға тарттым. Президент бірден қолдады. Стипендияны 150 мың теңгеге көтеруді тапсырды, - деді Төлеутай Рахымбеков.

Сонымен бірге, ол магистранттарды дайындау грантының құны 340 мың теңге айтып, бұл дегеніміз қатардағы университеттегі бакалавр студенттерін дайындаумен бірдей екендігін жеткізді.

Өз сөзінде магистр деген ғалымның бірінші сатысы екендігін айтып, магистрант, докторант дайындаған кезде гранттың құнын да көтеру керектігін тілге тиек етті. 
Сонымен қатар алдыңғы қатарлы елдерден барып тәжірибе алу үшін қаржылық қолдау мәселесі көтерілді. Ғылыми жабдықтарды әкелген кезде оған ақша бөледі, алайда, салық ретінде қайтадан жинап алады. Ол дұрыс емес деп ойламын. Дамыған елдердің тәжірибесіне сай емес. Сондықтан осыны да қарастырған жөн, - деді басқарма төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы