Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің реставрациясына ақша бөле бергеннен гөрі шетелден мамандар шақырту керек деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірлерді аралағанда бірінші сапарымызды киелі Түркістаннан бастағанбыз. Сол жерде ақсақалдармен кездесіп, Түркістан қаласына ерекше мәртебе алып береміз деп уәде етіп едік. Бұйырса сол уәде орындалайын деп отыр, - деді депутат.
Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің не себепті бұзылып жатқанын зерттеу керегін айтты.
6 ғасыр тұрған кесене аяқ асты қабырғасы тұзданып, төбесі көгеріп, суы ағып жатыр. Баяғыда айналасының бәрі қамыс болатын. Ол да оталып тасталды. Содан циркуляция бұзылды ма?! Алдымен соны зерттеуіміз керек. Жылда ақша бөліп, сыртын сылай бергеннен гөрі шетелден маман шақырту керек. Премьер-министрдің атына ақша керек деп сауал жолдағанда, 600 млн теңгедей бөлінді. Ол аз ақша емес. Үкімет мүшелері, өңірдің әкімдігі келесі жылдың аяғына дейін зерттеу жұмыстарын аяқтауы керек сияқты. Неден тұзданып жатқанына нақты қорытынды шығарып, шешімдеріңізді комитеттің алдында баяндап берсеңіздер, - деп ұсынды Мәжіліс депутаты заңды талқылағанда.
Депутат тағы бір мәселені көтерді. Ол қолөнершілерге қатысты.
Түркістандағы қолөнершілердің жүздеген арыз-шағымы біздің алдымызда жатыр. Енді мына заң жобасының аясында олардың шығыны бюджеттен өтелетін болды. Бұл да жақсы. Дегенмен баяғыда сол қолөнершілердің әдемі салынғна керемет орталығы болған. Оны да сенімгерлікке беріп, қонақ үй саламыз деп быт-шытын шығардық. Соңында баратын жер таппай қалды. Орталықтағы музей де толыққанды елдің игілігіне жұмыс істеп жатқан жоқ. Бәріңіз білесіздер, барлық облыс Түркістанға бір-бір нысан, ғимараттан тарту еткен. Олар сенімгерлікке берілді. Сенімгерлікке берілмесін деген заң жоқ. Бірақ ол өзін-өзі қаншалықты ақтады. Бюджетке қандай пайда әкеліп жатыр? Осы тұрғыда да біраз дау болған. Енді әкімдіктің құзыретін заң аясында кеңейтіп жатырмыз. Осыны тексеріп, рейд жүргізген дұрыс сияқты. Бұл жекелеген адамдарды байытып жатыр ма әлде шынымен қайсысының бюджетке табысы бар... Болмаса мемлекетке қайтару керек, - деп санайды Мақсат Толықбай.
Айта кетейік, Мәжілісте Түркістан қаласына қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатуға және оны ішуге тыйым салуды ұсынды. Қалада тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысан салуға рұқсат етілмеуі мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы мүшкіл екені де айтылды.