Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті министрлікке жыл сайын ескерту жасайды.
Биыл да бірқатар ескертулер айтылды. Олар Мәжіліс пен Сенатта талқыға салынды. Ескертулерді жою бағытында Жол картасы әзірленіп, оны жүзеге асыруға кірістік. Өткен жылдарда жасалған ескертулердің басым бөлігін түзеттік. Ал бірқатар ескертулер бойынша әлі де жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Министр сонымен қатар есеп комитетінің Ұлттық қордан бөлінген трансферттерге қатысты ескерту айтқанын да атап өтті.
Комитет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемінің артығына қатысты ескерту жасады. Өткен жыл Қазақстан үшін оңай болмағанын өздеріңіз де білесіздер. Тек елімізде ғана емес, әлемде күрделі жағдай қалыптасты. Бюджет тапшылығы орын алып, сыртқы қарыз өсті. Мұндай жағдай Испания, Италияда да орын алды. Осы тұста сыртқы қарызды көбейтпеу және бюджет тапшылығын ушықтырмау мақсатында Ұлттық қордан трансферт тартылды. Біз бұл жағдайдан мұнайдан басқа табыс көздерін табу арқылы біртіндеп шығуға тырысамыз, - деді ол.