Қызылорда облысы, Қазалы ауданында сайлау науқаны қызу дайындықпен өтіп жатыр, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ел келешегі үшін маңызды саналатын саяси науқан күні Аудандық оқушылар үйінде орналасқан №56 сайлау учаскесі сайлаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мұнда әз-Наурыз мерекесі қарсаңында «Этноауыл» құрылды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеген этноауылда "Бауырсақ partу" ұйымдастырылып, келушілерге ұлттық сусындар ұсынылды. Осылайша сайлауға дауыс беруге келген тұрғындар ұлттық тағамдардан дәм татты. Ал өнерпаздар ән-шашуын тарту етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Этноауылда ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс қойылып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов бүлдіршіннің тұсауын кесті. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сәбидің алғашқы қадамына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы беруге келген білім саласының ардагерлерімен бірге тал егіп, мереке қарсаңындағы игі іске өз үлестерін қосты.
Қазалыдағы сайлау учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі жоғары. Мәселен, саяси науқанға бір мезетте Жұбатқановтар әулетінің бес келіні келіп дауыс берді. Әйтеке би кентінің тұрғындары мереке қарсаңында арнайы ұлттық нақышта киінген.
Бүгін ел болашағы үшін маңызды күн. Саяси шараға белсенді түрде қатысуға шешім қабылдадық. Өз таңдауымызды жасадық, - дейді олар.
Саяси науқанда ерекше белсенділік танытқан әулетке сайлау учаскесі тарапынан арнайы сыйлық берілді.
Ал Ақтан батыр ауылындағы «Әжелер» ансамблі сайлау учаскесіне ерте келіп қана қоймай, ән шырқап әлеуметтің көңілін көтерді.
Неше сайлау болса, сонша дауыс бердім. Ешқайсысынан қалған жоқпын. Бала-шағам да солай. Сайлауымызды сәтті өтуге нәсіп етсін. Қазыналы Қазалымыздың мерейі таси берсін, - деді ансамбль жетекшісі Ұлмекен Сансызбаева.
Айта кетейік, ауданда дауыс беру үшін инватакси қызметі жұмыс жасауда.
Қазалы ауданында сайлау учаскелері орналасқан ғимараттар стандартқа сәйкес пандустармен толық қамтылып, барлығы да бірінші қабатта орналасқан. Аудан бойынша кресло-арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне келуіне қолайлы жағдай жасау үшін 4 инватакси қызмет көрсетуде.