Сыр өңірінде велошабандоздар сынға түсті

22 Қазан 2022, 18:00
969
Бөлісу:
Сыр өңірінде велошабандоздар сынға түсті

Қызылордада Республика күніне орай «Syr Jastary» веложарысы өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ  тілшісі.
 

Ұлттық мереке қарсаңында өткізілген ауқымды іс-шараның маңызы зор. Жастар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын сақтау және нығайту, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған веложарыс қаланың сол жағалауынан бастау алды. Белсенділікті талап ететін сайыста бақ сынаған велоспортшылар жарыс бағдарламасы аясында  «Болашақ» унивеситеті мен «Эдельвейс» айналма жолында 20 шақырымды басып өтті. Ал қатысушыларға қазылық ету №3 облыстық веломектебі бекіткен төрешілерге жүктелді.

Республика күнінің мазмұны  мен тарихы өте тереңде. Біздің тәуелсіз ел болуда ең алғашқы жасаған нық қадамымыз Тәуелсіздік туралы декларациямыз екені тарихтан белгілі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған тарихи күннің мереке мәртебесін қайта қайтаруды ұсынды. Бұл тарихи қадам ұлт болашағына деген сенімді нақтылай түсті.  Сол үшін Республика күнін елдің мемлекет құру жолындағы тарихи символы деп есептейміз. Енді жыл сайын еліміздің егемендік күнін кең көлемде, жоғары деңгейде атап өтуге күш саламыз. Бүгінгі шара соның айғағы,  - дейді Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес.

Жарыс жеңімпаздары қатысушылардың мәреге жету көрсеткішіне қарай анықталды. Нәтижесінде Асылхан Тұрар I орынды иеленіп, жеңіс биігінен көрінді. Ал Саят Айдархан пен Диас Тұрат келесі орындарға жайғасты. Қыздар арасында Алия Өтеген I орын, Ғалия Қуатбаева II орын, Інжу Асылбек III орынмен марапатталды. 

Сыр өңірінде велошабандоздар сынға түсті

«Syr Jastary» веложарысы жоғары деңгейде өтті. Сол үшін ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын. Жеңіс мәресін алғаш болып аттағаныма қуаныштымын. Бұл сайыстың бәріміз үшін маңызы ерекше, себебі ұлттық мерекенің халыққа қайта оралған күніне орай өткізлуде,  ̶- дейді велошабандоз Асылхан Тұрар.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і директорының дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ оларға арнайы медальдар, қаржылай сыйлықтар табысталды.

Өзгелердің жаңалығы