Мира Қазбекованың Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Сондықтан бүгінгі сұхбатта алдағы мақсат-жоспарларға көбірек мән бердік, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
- Әне-міне дегенше әз Наурыз да жақын. Мира Жомартқызы, мерекелік шаралардың ішінде іліп алатыны қайсы болмақ? Қайбір жылы жерлестеріміз ең үлкен шелпек пісіруден, қой көтеруден жарысқан еді.
– Қазіргі таңда Наурыз мерекесіне дайындық шаралары басталып кетті. Биыл айрықша аталуға тиісті шаралар көзделген. Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, облыстың 85 жылдығы кең көлемде тойланады. Ардақты аналарымыз ұлттық киіммен мереке сәнін әрлейді.
– Театрдың тарлығы талайдан бері айтылып жүр. Бұл «театрдың Меккесі» делінетін Сыр өңірі үшін сын. Он шақты жыл бұрын жаңасын салу сөз болып еді...
– Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық драма театры – кәсіби дәрежедегі өнер ұжымы. Ғимарат 1985 жылы типтік жобада салынып, пайдалануға берілген. Сыйымдылығы – 634 орын. Бұл театр қойылымын тамашалауға тарлық етпейді.
Сахна акустикасы ерекше. Сондай-ақ өндірістік цехтар, грим бөлмелері талапқа толық жауап береді. Биыл театрдың материалдық-техникалық базасын жақсартуға жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп отыр.
2022 жылы Қызылорда қаласында көпфункционалды мың орындық Өнер орталығы бой көтерді. Бұл орталық ендігі жерде мәдени-көпшілік шараларды, үлкен концерттерді өткізуге мүмкіндік береді.
– Мәдениет тізгінін ұстағалы театр ұжымымен кездескен боларсыз. Оларды не мазалайды екен?
– Мен 20 қаңтарда ғана жаңа қызметке кірістім. Былайша айтқанда, бір жарым айдың жүзі болды. Басқарма екі ірі саланының басын қосқан соң бағынысты барлық мекемені бір демде аралап, ұжымдармен етене танысуға мүмкіндік жетпейді. Дегенмен, аптаның әрбір сейсенбісінде қоғамдық қабылдау өткіземін. Кабинетте емес, тікелей белгіленген мекемеге барып, сала-сала бойынша еркін, ашық қабылдау жасауға жол аштым. Бұл тәсіл тиімді әрі түйткілді мәселелерді сараптаудың негізі болып отыр.
Өзің қозғаған театрдың да өз мәселесі бар. Техникалық базасынан бөлек, мықты режиссер тапшы. Сондықтан елімізге белгілі мамандарды тартуға мүдделіміз. Мұның пайдалы жағы да бар. Өнерге жаңа леп келеді. Жақында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесі желісімен жаңа қойылымның премьерасы өтті. Болмысы мүлдем бөлек, өзім көрермен ретінде жылы қабылдадым.
– Ауыл мәдениеті — бөлек әңгіме. Кітапхана мен клубтар ондағы ағайынның, әсіресе, жастардың қажетіне қаншалықты жарап тұр?
– Бүгінде облыс бойынша 172 клуб кәсіпорынның 152-сі, 209 кітапхананың 165-і ауылдық жерде халыққа мәдени қызмет көрсетеді.
Сөзің орынды, ауыл мәдениетін көтеру мақсатында тәуелсіздік жылдары 33 клуб, 1 кітапхана, 6 музей ғимараты жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Қазіргі таңда облыс клубтарында 924 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде ауылдық клубтардағы үйірме саны 721, оған 8370 өнерпаз қамтылған.
Ауыл жастарын қолдау, оларды өнерге баулу бағытында вокалды-аспапты және этно-рок ансамбльдері құрылып, жыл сайын дәстүрлі түрде «Көне дәуір күмбірі» атты облыстық заманауи этникалық музыка фестивалі өткізіліп келеді. Сондай-ақ ауылдық клубтар жанындағы халық театрлары, мәдени-үгіт бригадалары, ән-би, фольклорлық ансамбльдерінің жас өнерпаздары тартылған. Олар түрлі облыстық байқауға қатысып келеді. Тіпті, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Канада, Ресей, Белоруссия мемлекеттерінде өткен конкурстарда сол ауыл жастары қатысып, ел абыройын көтеріп жүр.
Кітап – білімнің бұлағы болса, кітапхана – рухани байлықтың ордасы. Қазіргі кезде кітапханалар қызметі жан-жақты дамып жатыр. Әсіресе, жігерлі жастардың басын қосатын мәдениет ордасы ретінде қызмет атқаруда. Дегенмен, кітапхана саласында әлі де шешімін таба алмай келе жатқан түйінді мәселелер жетерлік. Ауылдағы кітапханалар бейімделмеген ғимараттарда орналасқан. Олардың көпшілігі ауылдық мәдениет үйінде, клубта, әкімшілікте немесе әртүрлі мекемелердің шағын бөлмелерінде отыр.
Күрделі жөндеуді қажет ететін ауылдық кітапханалар бар. Бұл мәселе басқарманың биылғы алқа мәжілісінде қала, аудан әкімдері орынбасарларының қатысуымен қаралып, кітапханалар желісін қайта жаңғырту бағытында демеушілер тарту көзделуде.
– Тарихи, киелі орындармен мақтануымыздың кемі жоқ. Бірақ оларға турист тарту әлеуетін толық пайдалана алмай келеміз. Тығырықтан шығу амалын ойластыру керек сияқты. Мира Жомартқызы, сіздіңше қалай?
– Сұрағың өте өзекті. Жалпы, ішкі және сыртқы туризм деп қарастырсақ, турагенттіктер мейлінше сыртқы туризмге бейім. Ал Сыр өңіріндегі киелі орындарды туристік маршруттарға енгізіп, осы бағытта жұмыс жасалса, құба-құп болар еді. Мысалы, 2022 жылы республика бойынша 20 көрікті орын тізіміне Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш-кешені енгізілді. Себебі кешен аймағында бүкіл инфрақұрылым қалыптасқан.Өткен жылдың өзінде шет елдерден 332 турист Қорқыт ата ескерткіш-кешенін тамашалады.
Дәл осындай жағдайды басқа да киелі орындарға ұйымдастыру, оны күтіп-ұстау үлкен қаржыны талап етеді. Дегенмен, биыл біз өңірдегі киелі орындарды таныстыру мақсатында туристтік агенттіктер мен облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында бірлескен «Сыр өңірінің жауһарлары» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар жергілікті туризмді дамыту, Сыр өлкесінің тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында облыс музейлерінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша 36 тарихи-танымдық экскурсия, 3 экспедиция, 8 телеэкспедиция ұйымдастырылды. Онда Қорқыт ата мемориалдық кешені, Сығанақ, Жанкент қалашықтары, Қалжан Ахун, Оқшы ата кесенелері қамтылды. Аталған шараларға өткен жылы 1602 адам қатысқанын айтуым тиіс.
Қасиетті нысандарды тамашалау барысында туристер ескерткіш туралы сандық форматтағы ақпарат ала алады. Ол үшін тарихи-мәдени мұралардың 3D форматтағы интерактивті картасы енгізілген сайт (virtualmap.xyz) жұмыс істейді.
– Ғалымдар Сыр өңірінде кем дегенде 2 мыңдай тарихи-мәдени ескерткіш бар дейді. Ал есепке алынғаны небәрі 500-ден асады. Бұл жұмыстың кемшілігі ме, әлде басқа кілтипан бар ма?
– Облысы көлемінде 556 тарихи-мәдени мұра объектісі мемлекет қорғауына алынған. Бұл жұмыста ешқандай кемшілік те, кілтипан да жоқ деп ойлаймын. Себебі ескерткіштерді қорғау және оларды есепке алу жұмыстарының өз тәртібі және заңдылығы бар. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
Заңға сәйкес ескерткіштер 5 түрге бөлінген: археологиялық (131), қала құрылысы және сәулет (242), ансамбльдер мен кешендер (2), монументті өнер құрылысы (158), киелі объектілер (23).
Облыста республикалық маңызы бар 31, жергілікті маңызы бар 258 ескерткіш болса, алдын ала есепке алу тізіміне 269 нысан алынған.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуді үш жыл ішінде жүргізу көзделген. Осыған орай алдынала есепте тұрған 269 нысанға мониторинг жасалып, ескерткіш мәртебесін беру мақсатында 106 нысанға тарихи-мәдени сараптама жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
Өткен жылы 57 нысан тарихи-мәдени мұра объектінің алдын ала тізіміне алынса, 10 нысанға жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілсе, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияға берілген ұсынысымыз қолдау тауып, Жетіасар мәдениетіне жататын 12 ескерткішке республикалық маңызы бар мәртебесін беру мәселесі мақұлданды.
– Архивті цифрландыру қай межеде қазір? Біз, қарапайым адамдар үшін мұның артықшылығы неде? Архившілерде басқа қандай мәселелер бар?
– Архивтік құжаттарды цифрландыру жұмыстары 2010 жылдан бастап республикада бірінші болып қолға алынды. 2010-2022 жылдар аралығында қағаз негізіндегі құжаттардың 201288 сақтау бірлігінің 22925697 парағы, 3457фотосурет, яғни архив құжаттарының 25 проценті цифрландырылды.Жеке және заңды тұлғаларға архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру мемлекеттік қызметін көрсетуде уақыт үнемдеуге мүмкіншілік зор. Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында құжаттардың бірыңғай электрондық архиві ақпараттық жүйесін іске қосып, өндірістік пайдалануға берді.
«е-Архив» АЖ мемлекеттік ұйымдардағы электронды құжаттардың ұзақ мерзімді сақталуын және мемлекеттік архивтердің қызметтерін автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта мемлекеттік ұйымдар тұрақты және 75 жыл сақталатын қағаз жеткізгіштегі құжаттарын сканерленген күйде, сондай-ақ электронды құжаттарды мемлекеттік архивтерге осы жүйе арқылы өткізетін болады. Қазіргі уақытта облыс бойынша осы ақпараттық жүйеге 266 мемлекеттік ұйым қосылған.
– «Сыр елі — жыр елі» деген атымызға сай қандай жұмыс атқарылып жатыр? Жыршылық, жыраулық өнерді дамытуда жүйе жоқ секілді...
– Ұлттық мәдениетімізде жыршы-жыраулардың алатын орны ерекше. Бүгінгі күні Сыр бойында мақам-сазерекшеліктеріне қарай Нұртуған, Жиенбай, Сәрсенбай, Нартай жыр мектептері қалыптасқан. Қазіргі кезде бұл мектептердің түлектері әлемдік сахнада жыр өнерін паш етіп келеді. Аталған мектептердің жалғасы ретінде дәстүрлі өнерді дамыту бағытында мәдениет ұйымдарында 43 жыр-терме үйірмесі жұмыс істейді. Оған 500-ге жуық өнерпаз тартылған.
Сондай-ақ өңірімізде жүзеге асырылған «Жыр мұра» жобасы аясында мәдениет үйлері мен клубтар жанынан 29 жыр-терме, 14 қобыз үйірмесі ашылды. «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция жүргізіліп, нәтижесінде 45 жыршы-жыраудың дауысы, 35 ескі сарындағы мақам-саз, 27 адамнан аңыз әңгіме, 5 қолжазба, 25 терме-толғау мәтіні, 10 дастан, 58 өнерпаздың орындауындағы терме толғаулар жазылып алынды.
Бүгінде жыр-терме үйірмелерінде жыраулық-жыршылық дәстүрдің өзіндікорындаушылық ерекшеліктеріне қарай 30-40-қа жуық мақам саз үйретіліп, насихатталуда.
Облысымыздағы рухани құндылықтарды кітап етіп шығарып, тарих қойнауына қалдыру да басты назарда. Осы орайда Тұрмағамбет шайырдың тәржімалауымен қазақ даласына жеткен «Шаһнама» эпопеясы 22 жыраудың орындауында музыкалық антология болып жарыққа шықты. Алмас Алматовтың «Шыңғыснама», «Жыр керуен»кітаптары, «Жұртымнан жүрмін жыр жинап» атты жинақ, «Сырда өткен сөз сайыс», Тұрымбет жыраудың шығармашылығына арналған «Жүйрігі едім халықтың», Сыр өңірі фольклорының антологиясы жобасының І-ІІ томдары – «Жанқожа батыр», «Аңыздар мен әңгімелер» кітаптары және үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың «Тектілік пен тереңдіктің қайнары» атты екі томдық кітабы жарыққа шықты.
Қасиетті өңірде ұлттық өнерді ұлықтау бағытында жыл сайыноблыстық, республикалық жыршы-жырулар конкурстары мен фестивальдері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Атап айтар болсақ, Кете Жүсіптің 150 жылдығына арналған «Жырлансын тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыраулар байқауы, Базар жыраудың 180 жылдығына, Тұрмағамбет шайырдың 140 жылдығына арналған республикалық жыраулар конкурстары, Бұдабай Қабылұлы, Құлан Алдабергенұлы, Шәймен Дәрібаев, Бекұзақ Тәңірбергеновтердің шығармашылықтарын насихаттауға арналған жыр додалары,жыр мектептері шәкірттерінің концерттері, Қорқыт ата мұраларын насихаттауға арналған «Қорқыт. Қобыз» атты қобызбен жыр айтушылар және қобызшылар байқаулары, «Жыр күмбез» атты Сыр бойы жыршы-жырауларының концерті ұйымдастырылды. Сыр сүлейі Базар жыраудың 180 жылдығына орай Өзбекстан елінде «Жыр керуен» атты танымдық зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Биылғы жылы түркітілдес елдердің «Қорқыт және ұлы дала сазы»атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін қыркүйек айында ұйымдастыру жоспарлануда.
Жалпы, Сыр елінің рухани қазынасы мен ұлттық мұрасы маңызын жоймайды, дами береді.
– Енді спорт саласындағы жоспар жөнінде айтсаңыз. Спортшылардың жетістігі мен алдағы межені білсек...
– Осы жылдың басты жоспары – Қытай мемлекетінің Ханчжоу қаласында өтетін ХІХ жазғы Азия және IV пара Азия ойындарына облыс спортшыларының ұлттық құрама команда сапында табысты өнер көрсетуін қамтамасыз ету. Аталған спорт додасына облысымыздың гандбол, таэквондо, каратэ, бокс, грек-рим күресі, дзюдо, ауыр атлетика, стенд ату, пара пауэрлифтинг, пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, волейболды отырып ойнау түрлері бойынша спортшылардың қатысуы жоспарлануда. Дегенмен, қазіргі таңда ел чемпионаттарының өткізілуіне орай аталған жарысқа қатысу үшін отандық құрама команда мүшелері іріктелуде. Сонымен қатар өңірдегі халықтың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету үшін заманауи спорт ғимараттарының болуы қажет. Осыған орай 7 мың көрерменге арналған футбол стадионы мен әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешенінсалу мәселесі шешімін тауып отыр.
Облыс спортшылары 2022 жылы спорт түрлерінен Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 218 медаль (78 алтын, 66 күміс, 74 қола) иеленіп, соңғы бес жылдың нәтижесін жаңартты.
2023 жылы күтілетін нәтиже Азия ойындарынан (пара Азия ойындары) жүлде иелену мен 2024 жылы өткізілетін жазғы Олимпиада және паралимпиада ойындарына (бокс, грек-рим күресі, стенд ату, гандбол,пара дзюдо, пара пауэрливтинг, пара жеңіл атлетика )жолдама алу болып отыр.
– Ұлттық спорттың кенжелеп қалғаны көп қозғала бастады. Бұған не себеп? Аймақтағы қарқын қандай?
– Өңірде 8 (асық ату, аударыспақ, жекпе-жек, қазақ күресі, көкпар, жамбы ату, теңге ілу, тоғызқұмалақ)ұлттық спорт түрі дамыған. Аталған спорт түрлерімен облыста 26396 (асық ату 6124, аударыспақ 381, жекпе-жек 715, қазақ күресі 6710, көкпар 1398, жамбы ату 34, теңге ілу 74, тоғызқұмалақ 10960) спортшы шұғылданады.
Қазақ күресі мен тоғызқұмалақтың дамуы жоғары деңгейде. Мұны 2022 жылғы ресми халықаралық және республикалық жарыстардағы жерлестер нәтижесінен білуге болады. Былтыр қазақ күресіненМақсат Исағабылов «Қазақстан барысы-2022» республикалық турнирінің жеңімпазы атанса,әлем чемпионаты мен кубогынан Бекжан Төлепов, Мақсат Исағабылов 3 алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар жас ерекшеліктері бойынша облыс құрама командасы ел чемпионаттарында жүлделі орыннан түскен емес. 35 медаль (11 алтын, 7 күміс, 17 қола) жеңіп алса, әйелдер арасындағыел кубогы мен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта командалық І орынды иеленді. Тоғызқұмалақтан 2022 жылы өткізілген әлем чемпионатынан облыс спортшылары 3 медаль (Дамир Ахметов – қола, Бексұлтан Бостандықов – күміс, Ермұхамед Әлайдар қола) иеленсе, Азия чемпионатынан 9 жүлде (3 алтын, 5 күміс, 1 қола)жеңіп алды.Ел чемпионаттары мен кубоктарынан жергілікті команда39 медальді (15 алтын, 13 күміс, 11 қола) қоржынға салды.
Өңірде асық ату, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақта бұқаралық сипат жоғарылағанымен кәсібилік тұрғыда көңіл қуантарлық емес. Дегенмен, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар сынды ұлттық спортымыздың жетістігінен өткен жылдармен салыстырғанда нәтиженің өскендігі байқалады. Аталған спорт түрлерінен отандық чемпионаттардан 14 медаль (2 алтын, 4 күміс, 8 қола) өңір спортшылары иемденсе, 12 спортшымыз аймақ тарихында алғаш рет көкпар мен аударыспақтан спорт шебері нормативін орындап отыр. 2023 жылы жамбы ату, теңге ілу, аударыспақтан, көкпардан ұлттық құрама команда сапына 20 спортшы енген. Ұлттық спортты өңірде дамыту үшін былтыр 29 облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, 2757 спортшы қатыстырылған. Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерінен облыстық құрама командасы мүшелерінің оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету үзіліссіз жүзеге асырылуда. Асық атуды кәсібилендіру мақсатында алдағыайда – сәуірде Қызылорда қаласында ел чемпионатын ұйымдастыру жоспарлануда.
– Спорт залы жоқ мектептер мәселесін шешудегі басқарманың қадамы қандай?
– Облыс бойынша 294 орта мектеп болса, оның 276-сы спорт залымен қамтамасыз етілген. 18 мектепте спорт залы қарастырылмаған. Жыл сайын ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырылатын статистикалық есепте аталған мәселелер көтеріледі. Мәселелерді Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі тарапынан шешу жұмыстары жасалуда.
- Қаламгерлерді қолдау бағытында не жұмыс атқарылады?
– Қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, қолдау, ақын-жазушылармен оқырмандарды байланыстыратын жырсүйер әдеби орта қалыптастыру мақсатында облыс кітапханаларында «Елге сәлем» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Сыр өңірінен шыққан қаламгерлер мен жергілікті ақын-жазушылардың кітап көрмелері, «Құдіретті өлең әлемінде», «Рухани мұра – ізгілік әдебі» атты кездесу кештері болды. Сыр өңірінен шыққан белгілі жазушылар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері Қуаныш Жиенбайдың, әдебиет сыншысы, журналист Бақыт Сарбалаұлының, жазушы-журналист Мырзан Кенжебайдың өткен жылы шығармашылық кездесулері ұйымдастырылды. Сондай-ақ ақын Дүйсенбек Аяшұлының 60 жасқа толуына және ақын-драматург, мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың 75 жасқа толуына орай шығармашылық кештері өткізілді.
Сонымен қатар, Сыр өңіріндегі жас ақындардың шығармашылығын насихаттау үшін облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы жанынан «Алдаспан» әдеби клубы құрылып, әлеуметтік желі арқылы «Сырлы сезім» айдарымен олардың туындылары жарияланып келеді. Әдеби клуб құрамында поэзияға енді ғана аяқ басқан жастар мен танымал ақындар арасында шеберлік дәрістері өткізіліп келеді.
«Парасатты поэзия» фестиваліндәстүрлі түрде өткізу жоспарымызда бар. Бүгінгі күні республикалық ономастикалық комиссиясының шешімімен Жаңақорған аудандық кітапханасына белгілі ақын Адырбек Сопыбековтың есімі берілсе, Арал ауданында Әбдіжәміл Нұрпейісовтың музей үйі ашылып, жұмыс істеп тұр.
Жуырда ғана белгілі эколог-жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Парасат» орденінің иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Сайлаубай Жұбатырұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Теңіз тебіренткен талант» атты кездесу кеші облыстық кітапханада өтті.
Биыл тұңғыш рет 3 наурыз –Дүниежүзілік жазушылар күні аталып, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Қалам құдіреті» атты жергілікті ақын-жазушылармен басқосу ұйымдастырылды.
Кітапханалар жүйесінде 209 мемлекеттік кітапхана бар. Соның ішінде 165-і – ауылдық кітапханалар. Ауылдық кітапханаларқоры - 2 538 489 дана басылым. Жылына 100 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді.
Кітап оқуды насихаттау және оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, «Үздік оқырман» бенефисі, «Оқитын өлке» акциясы, «Кітаппен бірге өсеміз» жобасы,кітап мерекелері, оқу марафондарыұйымдастырылады. Жыл сайын өтетін поэзиялық кештер мен әдеби сайыстарға ауыл жастары, мектеп оқушылары белсене қатысады.
Әрбір отбасының көркем әдебиетке, кітапқа оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Оқуға құштар отбасы» жобасы, жастардың бойындағы ақындық шығармашығын шыңдау мақсатында «Жыр жауһар» жобасы жүзеге асырылды.
56 ауылдық кітапханада коворкинг орталықтары жұмыс істейді. Орталықта кітап оқу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар үстел ойындарын ойнауға, сурет салуға, сабақтарға дайындалуға жағдай жасалған. Wi-Fi арқылы ақысыз жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдаланып, керекті ақпараттарды ала алады.Орталықта әр бағыттағы үйірмелер ұйымдастырылған: шахмат, қолөнер, тоқу, бисер тоқу және тағы басқа.
Ауылдық кітапхана қызметкерлері Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетінмәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық байқауына белсене қатысты. Өткен жылы «Үздік ауылдық кітапхана» номинациясы бойынша Жалағаш ауданы Аққұм ауылдық кітапханасы жеңімпаз болып танылды.
- Әңгімеңізге рахмет!