Ертіс өңірінде қоршаған ортаны сынаптан ластанудан қорғау мақсатындағы концепция шеңберінде жерасты сазды қабырға салынуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Мамандардың айтуынша, апат болған аумақтан Былқылдақ көліне дейін екі жарым шақырымдық қабырға салынып жатыр. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркеновтің айтуынша, сынаптап ластанған жерлерді оңалту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Топырақтағы қабырға салу жобасы өткен жылы жүзеге асырыла бастады. Бұл – осы тектес екінші жоба. Екі жылдық жоспар үстіміздегі жылдың қарашасында аяқталады. Нысан құрылысына шамамен 700 млн теңге бөлінді. Жоба сынаптан қорғау мақсатындағы жалғыз шара емес. Қауіпті металдың жерасты сулары арқылы жүріп кетпеуі үшін мониторинг жүргізіледі. Жыл сайын топырақ, ауа мен судан 300-ге жуық сынап алынып, тыңғылықты зерттеледі. Нәтижелер Ертіс өзені мен жақын маңдағы аумақтарды ластануын көрсеткен жоқ. Қоршаған орта мен халық үшін қауіп жоқ деп айта аламыз. Себебі кешенді шаралар үздіксіз жүргізілуде, - дейді Дияр Қайыркенов.
Айта кетейік, Кеңес дәуірінде Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аумағында химиялық апат болды.
Экологтардың айтуынша, апат өндіріс технологиясында орын алған бұзушылықтар мен қауіпсіздік техникасындағы олқылықтар салдарынан болды. Жүздеген тоннадан астам металды сынап жерге көмілген. Қауіпті заттың сыртқа шығып кетпеуі үшін үздіксіз мониторинг жүргізілуде. Соңғы бес айда топырақ және су құрамында сынаптың шекті нормадан асуы тіркелген жоқ.
Былқылдақ көлінің аумағындағы ластанған жер еліміздегі ең ірі болып саналады.
Салалық басқарма мамандарының сөзінше, топырақты қабырғаның тереңдігі 12 метрді құрайды. Бұл – аса тиімді жоба. Өйткені сынап жердің астымен қозғалған жағдайда қабырғаға 200-ден астам жыл өткеннен соң жетеді.
Еске сала кетейік, жуырда сынап көмілген Былқылдақ көлінің аумағы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағынан шығарылады. Осындай шешім Үкімет қаулысы аясында қабылданды. Демек, Былқылдақ көлінде табиғат қорғау шараларын өткізу жұмыстары бұдан былай Үкімет құзырында болады.