Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру тәсілдері ұсынылды

31 Наурыз 2022, 12:17
1590
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру тәсілдері ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде елорда әкімінің орынбасары Е.Байкеннің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға прокуратура, полиция департаментінің, Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Е. Байкеннің айтуынша, әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімшелері және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын аяқтады, оны іске асыру ағымдағы жылдың сәуір айынан жоспарланған.

Сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жою мақсатында әкімдік мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға ықпал ететін жобалық бағыттарды анықтады.

Өз кезегінде, елордалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары И.Базилов 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асырудың тұжырымдамалық тәсілдерін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижелерін ұсынды.

Мемлекеттік органдармен жүргізілетін жұмыстың сапасын арттыру және формализмді болдырмау мақсатында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Осылайша, уағдаластыққа сәйкес әкімдік жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің барлық ішкі талдауларын сарапшылар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қатысуымен, сондай-ақ Қоғамдық кеңес өкілдері қатарынан құрылған арнайы жұмыс тобы кезінде қаралатын проблемалық мәселелерді талқылаумен өткізу жоспарлануда.

Квазимемлекеттік сектор жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сәйкестендіру, жою және бағалау қызметі болып табылатын комплаенс қызметтерінің жұмысына ерекше назар аударылды.

Аталған жұмысты жетілдіру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдерімен оқыту семинарлары жоспарланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы отырыс қорытындысы бойынша елордалық әкімдікке ұйымдастырушылық-басқарушылық және нормативтік сипаттағы бірқатар ұсыным енгізді.

Өзгелердің жаңалығы