Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында 169 құқық бұзушылық анықталған

15 Желтоқсан 2020, 18:03
1187
Бөлісу:
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында 169 құқық бұзушылық анықталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

\Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен бейне конференция байланысы режимінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.  

Отырыста «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігі туралы» мәселе талқыланды. Жиында Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленген Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың стратегиялық маңызы бар екені атап өтілді. Өйткені агроөнеркәсіптік кешен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыратын экономиканың маңызды секторларының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дамыған ауыл шаруашылығынсыз бәсекеге қабілетті экономика құрудың мүмкін еместігіне баса назар аударылды, - делінген хабарламада.

Отырыс барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі агросектордың жалпы өнімінің көлемін 1,4 есеге арттыруға және оның құнын 5,2 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік берген Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың оң әсері туралы баяндады. 

Бұдан басқа, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға инвестициялар 2 есеге, еңбек өнімділігі 1,8 есеге, ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспорты 1,5 есеге, ал мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 1,4 есеге ұлғайды. 

Бұған көп жағдайда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға бөлінетін, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржылық жағдайын едәуір жақсартқан бюджет қаражаты ықпал етті. 

Сонымен қатар бақылаушы және құқық қорғау органдары мал шаруашылығы саласындағы субсидиялаудың қолданыстағы жүйесі ауыл шаруашылығы өнімінің көп бөлігін өндіретін шағын ауыл шаруашылығы құрылымдарына қатысты жеткілікті деңгейде теңдестірілмегенін айтады. 

Аталған салада өндіріс құралдарының тозу, озық технологияларды жеткіліксіз қолдану және қаржы құралдарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету проблемалары бар. 

Субсидиялау саласындағы нормативтік-құқықтық базаның және «Qoldau.kz» цифрлық платформасының жетілдірілмеуінен субсидия алуға өтінім бергенде түрлі теріс әрекеттерге жол беріледі. 

Мәселен, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында 169 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған, оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жалған құжаттар бойынша субсидияларды заңсыз беру фактілеріне жол берілген. 

Осылайша Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың жекелеген аспектілері Мемлекет басшысының тапсырмаларымен, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін арттыру, сондай-ақ оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға тарту бөлігімен сәйкес келмейді. 

Отырыста Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев агроөнеркәсіп кешеніндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша ұсыныс жасады. 

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді, олардың орындалуы бақылауға алынды.

Өзгелердің жаңалығы