Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сарапшыларға конкурс жариялады

16 Ақпан 2021, 10:46
1366
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сарапшыларға конкурс жариялады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыруға Мемлекет басшысының бастамасы бойынша НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыс жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жұмыстың негізгі мақсаты - нормативтік-құқықтық актілерді қолдану кезінде шенеуніктің таңдау еркіндігін шектеу, сондай-ақ НҚА жобаларындағы сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған нормаларды анықтау және оларды жоюға бағытталған ұсынымдарды әзірлеу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың тиімділігінің негізі 125 сарапшыдан тұратын сарапшылар тізілімінің сапалық құрамы болып табылады.

Азаматтардың басым көпшілігінің осы жұмысқа белсенді қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында тізілім тұрақты негізде жаңартылатын болады. Осыған орай сарапшылық қоғамдастық өкілдерін кеңінен тарту және сарапшыларды іріктеудің барлық кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз ету стратегиялық тұрғыдан маңыздылыққа ие болуда, - делінген хабарламада.

Осыған байланысты, 15 ақпанда НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу үшін сарапшыларды төрт кезеңнен тұратын конкурстық іріктеудің басталғаны туралы жарияланды:

1) конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалардан құжаттарды қабылдау - ағымдағы жылы 15-19 ақпан аралығы;

2) конкурстық іріктеуге қатысушылардың құжаттарын қарау - ағымдағы жылы 22-23 ақпан аралығы;

3) үміткерлерді тестілеуден өткізу - ағымдағы жылы 26 ақпаны;

4) сарапшылар тізіліміне енгізу үшін кандидаттармен сұхбаттасу – ағымдағы жылы 1, 2, 3 наурыз.

Объективтілік пен бейтараптылықты қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезең бойынша шешімдер қабылдауды Агенттіктің қызметкерлері, үйлестіруші және қоғамдастық өкілдері қатарынан арнайы құрылған конкурстық комиссия жүзеге асыратын болады.

Сондай-ақ, сұхбаттасу рәсімі агенттік пен үйлестірушінің әлеуметтік парақшаларында онлайн-форматта көрсетіледі.

Конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірген үміткерлердің құжаттарын қабылдау пошта арқылы қолма-қол немесе электрондық түрде университеттің электрондық поштасының мекен-жайына (info@kaznu.kz, institutsapargalieva@gmail.com) жолдау арқылы жүзеге асырылады.

Осыған байланысты агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге қатысуға және сыбайлас жемқорлықты жоюға өзінің жеке кәсіби үлесін қосуға барлық ниет білдірушілерді шақырады.

Конкурстық іріктеудің ережелерімен үйлестірушінің сайтында (https://www.kaznu.kz/kz/23392/page/) танысуға болады.

Бұл институт өткен жылдың қараша айынан бастап жұмыс істей бастағанын естеріңізге сала кетейік. Сараптамаға барлығы 4 мыңға жуық НҚА жобасы келіп түсті, оларға 9164 сыбайлас жемқорлық факторы бар 3116 қорытынды дайындалды.

Сараптама нәтижелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, әрбір НҚА жобасының құны көрсетілген қорытындылар орналастырылған «Сараптама» (www.expertize.kz) сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың арнайы порталы құрылды.

Сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім салалардың қатарында әлеуметтік, қаржылық, медициналық, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік заңнамалары айқындалған.


Өзгелердің жаңалығы