Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте IT саласының әлеуеті зор

18 Мамыр 2020, 12:33
1619
Бөлісу:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте IT саласының әлеуеті зор
Фото: ашық дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бізде көптеген қызметтер әлі адамдардың бетпе-бет кездесуі арқылы жүргізіледі. Оның бәрін жүйелендіріп, электронды форматта жасау қажет. Сол кезде жемқорлық төмендейді. Бұл туралы Республикалық Арнайы мониторинг тобының мүшесі, "QLT" ЖШС директоры әрі "Ашық бюджеттердің интерактивті картасы" жобасын әзірлеген Дәурен Сәліпов брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша,  көптеген қызметтер құпия,  бүркеніш жағдайында жүрсе жемқорлық белең алады. Егер оның бәрін ашық жүргізуге күш жұмсаса сыбайлас жемқорлық қатері төмендейді. Осы тұрғыдан қарағанда ақпараттық технологияның пайдасы мол.
 
Бұл сала күн санап дамып жатыр, қазір мәліметтерді беру өте жылдам. Бұрын мәліметтерді теріп жазатын болса, қазір түрлі смартфондардың арқасында аудио, видео түрінде жіберуге болады. Яғни, мәліметтерді сақтау базасы да кеңейген. Оның үстіне жиналған мәліметтерге мониторинг жасап, өңдеуге болады. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа әкелетін деректерді анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді,-дейді ол.

Сондай-ақ, ол БҰҰ, G20 сияқты халықаралық ұйымдар жемқорлық бойынша зерттеулер жүргізіп тұратынын айта келе, олардың тәжірибесіне жүгініп отыру маңыздылығына тоқталды. 
Мәселен, G20 Оңтүстік Африка, Бразилия, Германия, Франция сияқты мүшелеріне жемқорлық бойынша зерттеулер жүргізген. Сонда олар негізгі 10 бағыттың жұмысын ашық жүргізуге күш салса сыбайлас жемқорлықты азайтуға болады деген тоқтамға келген. Бұл бағыттарды атап өтсем: мемлекеттік қызметкерлер реестрі, мемлекеттік бюджет, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік шығындар,  жер реестрі, дауыс беру, мемлекеттік ұйымдар тізімі. Міне осы саланың жұмысы ашық, айқын жүретін болса елімізде жемқорлық деңгейін төмендетуге болады,- дейді Сәліпов. 

Сөз арасында ол, ІТ саласы көлеңкелі экономикамен күресте де шаралар қолданып жатқанын жеткізді.  
Мәселен, бізде қазір фискалды чектерді тексеру операторы бар. Бұл әр чектің растығын тексереді. Қызмет көрсетуші басып шығарған бұл чектер мәліметтер базасына түсіп отырады. Бұның бәрі қазір бірыңғай операторға біріктілірлген, кассалық аппараттар онлайн жұмыс істейді. Бұл жерде қызмет көрсетуші ол чектерді өздігінен басуына жағдай жасау керек. Яғни, тұтынушы чекті талап етуі керек немесе чекті басқан кезде сатушыға қандайда бір жеңілдіктер жасауды қолға алу қажет. Сол кезде бұл процесс жұмыс істейді. Бұл әкімдік, қаржы саласына қатысты,-деді ол.


Өзгелердің жаңалығы