Светлана Айтпаева баланы қалай тәрбиелеу керегін айтты

24 Тамыз 2023, 12:01
13374
Бөлісу:
Светлана Айтпаева баланы қалай тәрбиелеу керегін айтты
Фото: Арман Мухатов

Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы тіл мәселесі өзекті екенін айтып, әуежайда болған оқиға жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәдениет қайраткері Светлана Айтпаева елордада өтіп жатқан тамыз кеңесінде қазақ тілі мәселесін көтерді.

Әуежайда балаларды күтіп алатын болып, ертерек бардым. Халықаралық әуе қатынастарынан ұшып келген 5 отбасыны бақыладым. Ата-аналары, ата-әжелері күтіп алып жатты.  Не ата-әжесі қазақша сөйлемеді, не ата-анасы қазақша сөйлемеді. Өздерінен кейінгі ұрпағы да өзге тілде амандасып жатыр. Барлығы да өзіміздің қара көз қазақтарымыз. Бұл маған өте ауыр тиді, - деді ол.

Светлана Айтпаева қазіргі таңда тілге байланысты көп дүние айтылуы керегіне тоқталды. Тіпті қолымыздан келсе, осындай кеңестерге барлығы қатысқаны жөн.

Светлана Айтпаева тағы бір оқиғаны бөлісіп, балабақшада ата-аналармен өткен отырыста балаларын қазақ мектебіне беруге үндегенін айтты.

Қазақ мектебінде оқыған балалар бүкіл әлемде елдің атын шығарып, өзінің қазақи болмысынан ажырамай, домбырасын тартып, өнерін көрсетіп, алған ұлттық үлгі-өнегесін елдің алдында маңдайын жарқыратып көрсететін деңгейдеміз. Бүгінгі күні ондай балаларымыз көп. Сондықтан егер балаларымыз жұтылып кетпесін, әлемдің мәдениет пен өркениеттің арасына барып, қазақ деген атауынан ажырап кетпесін десеңіз, қазақ мектебіне беріңіздер» деп ата-аналарға жалынғандай болып әңгіме жүргіздім, - деді қоғам қайраткері.

Ол осы бағытты ұстауымыз керегіне тоқталып, тіліміз бен аяғымыз жеткен жерге дейін осыны көтере беру қажет екенін айтты.

Тілге қатысты көзім жеткен бір дүние бар. Егер анасы өз тілінде сөйлемесе, онда шешесі өзге тілде сөйлеген ұрпақ қазақшаға мойын бұрмайды. Басқа тілде ойлайған балаға өз тілінде ешқандай ұлттық тәрбие қонбайды деп санаймын. Сол себепті ұрпақ дұрыс болуы үшін алдымен аналарды тәрбиелеуіміз керек. Тілге деген құрмет, махаббат ананың сүтімен беріледі, - деп атап өтті Димаштың анасы тамыз кеңесінде.

Айтпаева осы бағытта барлығымыз жұмыс істеуіміз керегін жеткізді.

Еске салсақ, Светлана Айтпаева салт-дәстүр, діни көзқарас туралы ойын да айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы