Сүйікті ісін бизнеске айналдырды

12 Сәуір 2021, 15:39
1995
Бөлісу:
Сүйікті ісін бизнеске айналдырды
PHOTO

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайлық экобелсенділер бірегей кітапхана жасақтап жатыр. Олар жаңа жоба аясында жинақтарды қалған-құтқан қағаздардан басып шығармақ.

Игі істің бастамашыларының бірі – Наурызбек Бірмағамбетов. Ол экологиялық қозғалыс құрып, бір мүдде жолында жүздеген жастың басын біріктірді. Бастамашы жігіт таяуда қолға алған жобасын қағазды үнемдеу ғана емес, халықтың табиғатты қорғауға деген ықыласын ояту деп санайды. 

Сүйікті ісін бизнеске айналдырды

Еріктілер кеңсе қағаздарын қайта өңдеп, жүздеген кітап шығаруды жоспарлап отыр. Өнімді қалалық ұйымдардан жинауда. 

Сүйікті ісін бизнеске айналдырды

Бізге алғашқылардың бірі болып өңірлік университет және басқа да оқу орындары көмектесті. Пайдаланылған қағаздар болса, басқалардан да қабылдауға дайынбыз, - дейді Наурызбек Бірмағамбетов. 
Оның көпті сүйсінткен бастамасы бұл ғана емес, ол бұған дейін тамақ қалдықтарын өңдеудің тың тәсілін ұсынған еді. Қоршаған ортаны ластанудан қорғаумен қатар, эко-құрттарды қоректендіру арқылы қиқымды иіссіз, зиянсыз жойып, тыңайтқышқа айналдыратын жаңа жоба Наурызбекті біраз танымал етті. 

Сүйікті ісін бизнеске айналдырды

Ол Федоров ауданы Шаңдақ ауылының тумасы. Қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – мал дәрігері, шешесі – бастауыш сынып мұғалімі. Бала Наурызбек қоршаған ортаны тануға құмар болып өсті. 

Оқушы кезімнен биологияға әуеспін. Педагогика институтын бітіріп, Федоров ауданы Первомай ауылында төрт жыл биология мұғалімі болып жұмыс істедім. Балалардың осы ғылымға деген ынтасын қалай арттырсам деп жүріп, бизнес-идеяларды сабаққа енгізе бастадым. Сол кезде органикалық егіншілікпен тиімді айналысуға болатынын түсіндім, - дейді ол. 
Сөйтіп, үш жыл бұрын Қостанайға келіп, тырнақалды табысына қол жеткізді. «Jas project» жобалар байқауында жұлдызы жанып, 1 млн теңге ұтып алды. Еңбек жолы басталған ауылда және аудан орталығынан жылыжай ашып, сүйікті кәсібін бизнеске айналдырды. Жоғары оқу орнында жұмыс істеп, студенттерді де осы іске баулыды.

Сүйікті ісін бизнеске айналдырды

29 жастағы жігіттің жеткен жетістіктері өте көп. 2019 жылы жас кәсіпкерлер арасында өткен республикалық лагерьде органикалық тыңайтқыштар өндіруге арналған «Биогумус» жобасымен жеңімпаз атанды. Облыстық әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде оның бастамалары үздік деп танылған. Жобаларын халықаралық іс-шараларда да таныстырып жүр. 2020 жылы Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына есімі енгізілген. 

Қайырымдылық шараларынан да шет қалған емес. 2014-2018 жылдары Первомайда «Самбо» секциясын тегін жүргізді, қыз-келіншектерге де бір жылдай фитнес сабақтарын үйреткені бар. 

Сүйікті ісін бизнеске айналдырды

Жаңашыл жас биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысып, бағын сынап көрген. Органикалық тыңайтқыштар өндірісін ашуға 5 млн теңге грант ұтып алды. Жоба мамыр айында іске қосылмақ. 

Жерасты құрттарын пайдалану арқылы органикалық тыңайтқыштар өндіруді кеңейтіп, тағы да жылыжайлар ашқым келеді. Болашақта үлкен кәсіпорын тұрғызуды армандаймын, - дейді жас кәсіпкер. 
Жан-жақты жігіт әзірге бәріне үлгеріп жүр. Оның пікірінше, жетістікке жетудің басты кілті – ерік-жігер және Отанға пайдалы азамат атану ұстанымы.
Өзгелердің жаңалығы