Сүт өнімі. Импорттан арылатын кез келді

24 Мамыр 2021, 20:20
1419
Бөлісу:
Сүт өнімі. Импорттан арылатын кез келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан табиғи таза өнім өндіріп, оны тұтынуға толық мүмкіндігі бар мемлекеттердің бірі. Соған қарамастан, әлі импортқа иек сүйек келе жатқанымыз өтірік емес. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жылы мал шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыру және қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімділігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпорындар салу, барын жаңғырту бойынша бірқатар инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлады. 

Өткен жылы 16,8 мың сиырдан жылына 102,6 мың тонна сүт өндіретін өнеркәсіптік және отбасылық сүт фермасы құрылып, жаңғырту бойынша 49 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде жылына 92,4 мың тоннаға дейін сүт өндіретін 13,6 мың бас сиыры бар 19 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Биыл жалпы өндірістік қуаты 99,6 мың тонна сүт болатын тауарлы сүт фермаларын құру және жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылады. Сиыр сүтінің өнімділігін арттыру үшін өткен жылы елге 21,7 мың сиыр әкелінді. Оның 8 367 басы сүтті және етті бағытта. 

Бұл жобаларды тікелей іске асыратын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың еншілес құрылымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың соңғы үш жылда сүт саласына салған инвестициясы 37,4 млрд теңгеге жетті. 2019 жылдан бері Үкімет сүт өнімдерінің импортын алмастыру жөнінде міндет қойған болатын. Әрине, тауарлы сүт өндірісін инвестициясыз дамыту мүмкін емес. Агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестиция соңғы бес жылда жылына орта есеппен 26,8%-ға өсті. 

Осындай сүт фермасы жобаларының бірін Павлодар облысының Ақсу қаласындағы «КронАгро» ЖШС іске қосты. Былтыр аталған компания 1 200 сауын сиырға арналған сүт фермасын салу үшін «Аграрлық несие корпорациясына» жүгінген. Жобаның құны 5,7 млрд теңге болған еді. Оның 2,8 млрд теңгесін «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» инвестициялады. Өткен жылдың қыркүйек айында компания фермаға Аустрия мен Чехиядан симментал тұқымды сиыр әкелді. Шаруа қожалығы 2022 жылға қарай өндірістік қуатын күшейтіп, сүт және ет өңдеу кәсіпорындарын жылына 7 500 тоннаға дейін шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Компания директорының айтуынша, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету шаруашылықты дамытуға тың серпін берді. Сонымен қатар, бұл – импортты алмастырудың бірден-бір төте жолы.

Алдағы үш айда күніне 25 тонна сүт сауып, толық қуатта жұмыс істейтін деңгейге жетеміз деп отырмыз. Сиырларымыз жоспар бойынша туып жатыр. Бұл жобаның іске асырылуына қолдау көрсеткен «Аграрлық несие корпорациясынан» алған қаражатқа біз негізінен мал, тауарлы сүт фермасына қажет қондырғылар мен мал азығын дайындайтын техникалар сатып алдық. Сонымен қатар қазіргі уақытта 150 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Біз сияқты шаруашылықтардың дамуына мемлекеттік қолдау көп. Оны тиімді пайдалансақ, отандық өнімнің көлемін арттырамыз және сол арқылы импортты алмастыруға мүмкіндік туады, - дейді кәсіпорын директоры Дидар Бейсенбаев.

«Аграрлық несие корпорациясы» 2019 жылдан бастап тауарлы сүт фермалары бағыты бойынша жалпы сомасы 37,4 млрд теңге болатын 49 инвестициялық жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 2020-2021 жылдары жалпы сомасы 20,4 млрд теңге болатын 20 жобаға қолдау көрсеткен. Қаржыландырылған сүт фермалары жылына 211 мың тоннадан астам сүт өндірді.

Тағы бір сүт өндіретін компания – Павлодар облысының Федоровка ауылындағы «АгроДаму» ЖШС. Компанияда 192 симментал тұқымды сиыр бар. Еліміздің солтүстік аймақтарының климатына төзімді бұл тұқым сүтті мол береді және ет жинау тұрғысынан да басқа тұқымдардан артық.

«Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан шаруашылықты дамытуға 498 млн теңге қаражат бөлінді. Компания бұл ақшаға жоғары өнімді мал, заманауи жабдықтар сатып алды. Бүгінгі таңда 20 адамға жұмыс беріп отыр. Ал тауарлы сүт фермасының өнімін Павлодардағы еліміз бойынша ең ірі сүт зауыты сатып алады. Бұл кәсіпорын жылына шамамен 4,5 мың тонна сүт өндіретін деңгейге жетуді жоспарлап отыр.

«Аграрлық несие корпорациясының» Павлодардағы филиалы өткен 4,5 айда шамамен 5,6 млрд теңгенің жобасын қаржыландырды. Жалпы биыл 8,8 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр, - дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Ардақ Таңжарық.

Өзгелердің жаңалығы