Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бейнелеудің бір саласы саналатын иллюстрация өнері елімізде қарқынды дамымаса да жастар арасында белең алып келе жатыр. Иллюстрaция деген не? Иллюстрaция дегенiмiз белгiлi бiр шығармаға (ертегi, aңыз, әңгiме, роман, өлең) aрнaлып сaлынғaн суреттер. Іnstagram желісінде ерекше иллюстрацияларымен көзге түсіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырып, көзайымына айналып келе жатқан Ерке атты лақап атымен танымал бола бастаған Жанар атты суретші қызбен сұхбаттасқан едік.
Бірінші сауал, бала Жанар туралы айтып берсеңіз? Сіздің әртүрлі сипаттағы иллюстрацияларыңызға қарасам, ауылда ата-әжесінің ертегісіне қанығып ерке, бұлаң өскен қыз көз алдыма келеді. Қай өңірдің тумасысыз, өзіңіз, отбасыңыз жайлы айта өтсеңіз.
- Менің балалық шағым Есік қаласында өтті. Әкем тарихшы, бұрындары жазып та жүретін. Біздің үйде үлкен кітапхана болды. Ең алғашқы менің кітаптарым, әрине, қазақ халық ертегілері болды. Ол кітаптар әлі күнге дейін сақтаулы. Бала кезімнен сурет салуға әуестігім бар. 6-сыныптан бастап сурет сала бастадым. Өскенде кім болатыным сол кезден-ақ белгілі болды. Кішкене кезімнен суретші болу арманым еді, сол арманға нық қадам басып келдім.
Шығармашылық жолына, сурет салу, иллюстрация әлеміне қалай келдіңіз?
- Біз бәріміз бала болған кезде сурет салдық, кей балалар өсе келе сурет салуды доғарып кетті, мен болсам сол сурет салуды тастамаған, одан бас тартпаған баламын десе де болады. Мектепті тәмамдағаннан кейін Жүргенов атындағы колледжде «кескіндеме» мамандығы бойынша білім алдым. Кейін ҚазБСҚА архитиктура-дизайн, содан кейін Жүргенов атындағы ҚазҰОА «интерьер дизайны» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдадым. Айтайын дегенім - мектеп, колледж, университет және магистратура, осының бәрінен колледж маған көп нәрсе берді. Иллюстрацияға жуырда ғана келдім. Ұнады. Осында көптеп кідіретінімді ұқтым.
Ең алғашқы табысыңыз есіңізде ме?
- Иә. Колледжде оқып жүрген едім. 17 жастамын. Мұның барлығы тапсырыс бойынша картина салудан басталды. Ол кездегі жұмысыма алған қолақымды ойласам күлкім келеді. Бірақ сол кезде маған өте көп ақша болып көрінген. Мен атақты картиналардың көшірмелерін салатынмын. Магистратурада оқып жүргенде дизайнер де болып, сурет салудан сабақ та беріп көрдім. Кейін өз көрмемді де өткіздім. Ол көрмеде 30-ға жуық жұмысым қойылды. Бір күні үйімнің бір қабырғасын бояп тастадым. Бұл маған қатты ұнады. Сөйтіп қабырғаларға сурет салумен де айналыстым. Кейін жолдасыммен Швецияға кетіп қалдық. Сонда жүргенде ол маған айпад сыйлады. Мен қажетті бағдарламаларды көшіріп, қазақтың аңыз ертегілері мен ұлттық киiм-кешегiн жаңа заманға сай етiп, иллюстрация жасай бастадым. Міне, барлығы осыдан басталды десе де болады.
Сурет салған кезде нені негізге аласыз? Байқауымша, көп суреттеріңіз түркі мифологиясына негізделген.
- Қазіргі салып жүрген суреттерімнің басты тақырыбы - осы түрік мифологиясы. Бұл тың тақырып деп айта алмаймын. Бұрындары болған, бірақ уақыт өте келе ұмыт болған кейіпкерлер деп айтар едім. Иллюстарция арқылы біз өмірімізде болған, есте қалған, жанға жылу сыйлайтын, есіңе түскен кезде езуіңе күлкі үйіретін сәттерді еске түсіреді десем де болады. Көп сурет сол аңыз-әңгіме мен мифтегі кейіпкерлер және менің қиялымның қосындысынан шыққан дүние. Кітаптарды көп оқимын. Кітап оқып отырғанда соның барлығын өзің елестетіп, қиялыңа қанат бітеді. Кітапта мүлде өзгеше. Мұнда қиялда шек болмайды. Шығармалық адамға еркіндік керек. Жалпы стильге шектеу қоюға болмайды.
Бір иллюстрация жасау үшін қанша уақыт кетеді? Өйткені инстаграмдағы видеоны қарап отырсаң, барлығы оңай, лезде жасалатын дүние секілді көрінеді.
- Іnstagram-ға он есе жылдамдықпен түсірілген видеолар салынады. Суреттер арнайы бағдарламалар арқылы салынады. Бір туындыны салу үшін екі күндей уақыт кетеді. Кейде тіпті екі күннен де артық уақыт отырып қаламын. Әр кезде әрқалай. Кейде шабытым келіп, тоқтамай бірден салып тастаймын. Әзірге жасап жатқан ісім өзіме ұнайды. Егер адамның арманы мен мамандығы сай келсе, бұл адамға тек қуаныш пен ләззат сыйлайды. Әзірге жаспын, көріп, біліп, жаңа бағытты, дүниені танығым келеді. Маған берілген әр мүмкіндікті жіберіп алғым келмейді. Бір қуантарлығы - қазір жастардың мүмкіндігі жоғары, иллюстрацияға деген қызығушылықтары да артып келеді.
Светлана Рябченко кітабының мұқабасының дизайнын жасап беріпсіз, тағы басқа тапсырыстар бар ма?
- Қазір көбіне иллюстрациямен айналысамын. Балаларға арналған ертегілер кітабына иллюстрация саламын. Сонымен қатар, Торғын Жолдасбекқызының кітабының мұқабасының дизайнын жасадым.
Тапсырыс бойынша жұмыс істеу қаншалықты ауыр немесе оңай?
- Адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Көзқарасымыз бір жерден шықпай қалып, келісе алмай қалып жатататын жайттар да болады. Әр нәрсенің тігісін жатқызып, қиысын келтіру керек. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе.
Суреттеріңізде қазіргі жастардың стилі мен қазақы дәстүрді ұштастырып, бір арнаға тоғыстыра білгенсіз, идея қайдан келді?
- Иә, менің көп жұмыстарым қазақы стильде, қазақы сарында. Менің жаныма жақын. Қазақтың салт-дәстүрін ұстанған ортада өстім, сол себепті осының барлығын бір арнаға тоғыстыру туралы идея келді. Осылайша аңыз ертегілерді, заманауи қазақ қызын ұлттық киім-кешекпен бейнелеп, илююстрация жасай бастадым. Бұл идеям жастарға ұнап жатқан секілді.
Мүлдем сурет салмай, шабытыңыз сарқылып қалған кездер болды ма? Ондай сәттерде не істейсіз?
Шабыт тек суретшіге ғана емес, барлық адамға қажет. Шабыт- күтпеген күш сезімі. Шабыт болған кезде бәрі оңай және қарапайым болады. Шығармашылық тоқырау болып тұрады. Ондай кезде мүлдем сурет салмаймын. Серуендеймін, көп уақытты отбасыммен бірге өткіземін. Барлығынан демаламын. Сонымен қатар атақты адамдардың өмірбаянын оқығанды немесе олар туралы деректі фильмдерді, киноларды қараймын. Олар туралы оқи отырып, бұл өмірде адамның қолынан келмейтін дүние мен бағынбайтын асау болмайтынын түсінесін. Бірақ басты шабыттандырушы - мен өзіммін. Күн сайын өсіп, кішкентай қадам жасауға тырысасың, жаңа нәрсені көруге, жаңа бағыта өзімді сынап көруге менде батылдық бар. Ендігі мақсатым, иллюстрацияда суретші ретінде жаңа деңгейге көтерілу. Жаңа жобаларды қолға алғым келеді.
Қазақ қызы бейнеленген арнайы футболкалар, күнтізбелер мен стикерлер әзірлейді екенсіз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз?
- Көбі заманауи бірақ қазақы үлгідегі киімдерді жасауды өтінді. Сондықтан өзім бейнелеген иллюстрациядан постерлар, футболкалар, жапсырмалар, күнтізбелер, сөмкелер жасай бастадым. Алғашында қиындықтар болды. Бірінші рет қолға алып тұрған соң, футболкалардың өлшемдері мен түстерін таңдау маған қиынға соқты. Алдағы уақытта телефонға арналған қапшықтарды шығару жоспарда бар.
Сіздің жұмысыңызды басқа біреулер рұқсатсыз алып, пайдаланып кеткен жағдайлар болды ма? Қазір интернетте барлығы қолжетімді ғой?
- Шығармашылық адамдарында болатын мәселенің бірі - бұл біреудің еңбегін рұқсатсыз пайдалану. Менің де жұмыстарымды рұқсатсыз алып, киімдерге жабыстырып сатқан кездер де болды. Бірақ әлеуметтік желіде менің жұмыстарыммен таныс, мені танитын оқырмандарым көріп қалса, бірден суретке түсіріп, маған хабар беріп отырады. Сол үшін оларға алғысым шексіз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Суретші мына бір туындысын былай суреттеген екен.
Тостаған. Қазақ мифопоэтикалық дүниетанымының басты нышандарының немесе атрибуттарының бірі.
Тостаған геометриялық фигура (шеңбер) ретінде күн символизмімен байланысты, ол күннің көзі, өйткені күн бәрін көреді. Төңкерілген ыдыс - бұл әлемнің немесе аспанның моделі. Төңкерілген ыдыс бір нәрсенің аяқталуын білдіреді. Тостаған - діни қызметкер, бақсы, Қази, сиқыршының атрибуты, прототүріктердің үш функционалды әлеуметтік құрылымында қолданылады. Таңба ретінде қолданылады, мысалы, Беріш тайпасының рулық белгісі — көздің ортасында нүктесі бар шеңбер. Таңбаның рулық-тайпалық жүйесінде шеңбер көз немесе тостаған деп ұғынады. Табындардың жалпы белгісі тостаған деп аталады. Ал үш жүз жүйесінде абыздардың руы ретінде қабылданатын Орта жүздің немесе арғындардың белгісі (заңды қызметі: "Орта жүзді қалам, кітап беріп дауға қой). Скиф мифінде аспаннан құлаған заттардың бірі - Алтын тостаған. Одан жауды өлтіргендер ғана іше алады. Аристотель скифтердің тостағанды шеңбер бойымен өткізу дәстүрі бар деп жазды, мұндай әдет-ғұрыптың жаңғырығы қазақтарда да сақталған (ауыз тию, сарқыт ішу).
Сонымен қатар, Жанар жұлдызнамаларды да өзіндік бір стильмен әрлеп, жаңа өңменен салған екен, бір-екеуін назарларыңызға ұсынбақпыз.