Азаматтарға арналған үкімет жоғары сұранысқа ие анықтамалардың бестігін жариялады

7 Қазан 2019, 22:03
1851
Бөлісу:
Азаматтарға арналған үкімет жоғары сұранысқа ие анықтамалардың бестігін жариялады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл бестікке мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы, БЖЗҚ салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат және соттылықтың болуы немесе болмауы туралы сияқты анықтамалар енген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева Facebook-тегі парақшасында Қазақстандағы ХҚО арқылы берілетін жоғары сұранысқа ие 5 анықтама түрін жариялады. 

Балташеваның айтуынша, «анықтамалар рейтингі» арнайы жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған.

1.png

Талдау барысында биылғы жылдың 8 айында қазақстандықтар ХҚО-дан 4,5 млн мекенжай анықтамасын, жылжымайтын мүліктің бар/жоқ екендігі туралы миллионға жуық анықтаманы және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы 700 мыңнан астам анықтаманы сұратқаны анықталған.

«Бұл электрондық үкімет порталы және телеграмм-бот арқылы өз бетінше алынған анықтамаларды есепке алмағандағы, қазақстандықтардың ХҚО-ға келіп алған анықтамаларының көрсеткіші», – деп нақтылады Әсемгүл Балташева.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мекенжай туралы анықтаманы жою туралы бастама көтерді.

Нәтижесінде, 1 қарашадан бастап Қазақстанда мекенжай анықтамасын беру мемлекеттік қызмет ретінде қысқартылады, яғни енді азаматтар өзінің тіркелген орнын тек egov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттен тексере алады.

Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ведомствоаралық комиссияның қарауына тағы 28 анықтаманы мемлекеттік қызмет тізілімінен алып тастауды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы