Суқұзғындар шабуылы. Жыртқыш құстардың саны қалай реттеледі

17 Мамыр 2024, 16:08
348
Бөлісу:
Суқұзғындар шабуылы. Жыртқыш құстардың саны қалай реттеледі

Павлодар облысында соңғы екі жыл бойы Ертіс өзенінде суқұзғындардың шабуылы байқалады. Жыртқыш құстар балық қорының азаюына әкеп соқтыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаевтің айтуынша, соңғы уақытта балықшылар мен аңшылар, сонымен қатар, өзен бойында жатқан ауыл тұрғындары тарапынан шағымдар көбейген.

Сол себепті былтырдан бері суқұзғындардың санын реттеу шараларын бастап, биыл жалғастырамыз. Өткен жылы мыңға жуық құсты аулап алдық. Ал үстіміздегі жылы биологиялық негіздемеге сәйкес 2300 жыртқышты ату жоспарланған. Осындай кешенді жұмыс көршілес Абай облысында да басталды. Ертіс өзені бірнеше облыс бойымен ағатындықтан, бірлескен шаралар жүзеге асырылады, - дейді Сағын Төлеутаев.

Айта кетейік, облыста су ресурстарын қалыпқа келтіру бағдарламасы қолға алынған. 2030 жылға дейінгі мерзімге шақталған кешенді жоспар шеңберінде балық қорын көбейтумен айналысатын табиғат пайдаланушыларының шығындарын субсидиялау қарастырылған.

Аквамәдениет қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынады. Мәселен, биыл инвесторлардың шабақтар, дәрумендерді сатып алу және өзге де бағытта жұмсалатын қаражатының бір бөлігі субсидияланады. Биыл осындай жұмыстарды жүргізетін кәсіпкерлерді қолдауға 41 млн теңге бөлу жоспарланған, - дейді Сағын Төлеутаев.

Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, 2019-2022 жылдары аралығында жүргізілген балықтандыру барысында 193 мың өзен-көлдерге су маржаны жіберілді. Биыл Баянауыл ауданында Сабындыкөл және Жасыбай көлдерін балықтандыруға 100 млн теңге бөлінеді.

Өзгелердің жаңалығы