Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылға жоспарлаған бюджет кірістері асыра орындалды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірістері жөніндегі жоспар 102,4%-ға, республикалық бюджет 100,1%-ға, жергілікті бюджет 108%-ға орындалды.
2019 жылға қарағанда комитеттің құзыретіндегі мемлекеттік бюджеттің кірістері пандемияға қарамастан іс жүзінде бұрынғы деңгейде қалды. Республикалық бюджет 608 млрд теңгеге төмендеді, жергілікті бюджет 604 млрд теңгеге өсті. Республикалық деңгейдегі түсімдердің төмендеуі экономикадағы қалыптасқан жағдайға, сондай-ақ пандемияға қатысты шектеулерге байланысты, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Алдын ала деректер бойынша жалпы ішкі өнім 2,6%-ға, тауар айналымы 14%-ға төмендеді. Өткізу бойынша айналым 9,7%-ға, оның ішінде ірі кәсіпорындар бойынша 25%-ға азайды.