Сұлтан Бейбарыстың мерейтойын тойлау әл-Азһардың Бас имамымен талқыланды

16 Сәуір 2023, 14:45
2631
Бөлісу:
Сұлтан Бейбарыстың мерейтойын тойлау әл-Азһардың Бас имамымен талқыланды
Фото: gov.kz

Әл-Азһардың Бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шарифті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыдан тура 9 ай бұрын, 2022 жылғы 13 қыркүйте Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Азһардың Бас имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесіп, оның барысында әл-Азһар университетінің дәстүрлі ислам білімінің ордасы әрі діни экстремизмге қарсы іс-қимылдың негізгі орталығы ретіндегі ерекше рөлі аталған болатын.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі шейх А. ат-Тайебті биылғы жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын тойлау аясында өтетін іс-шаралармен таныстырып өтті.

Әл-Азһар шейхі өз тарапынан Каирдегі әз-Заһир Бейбарыс мешітінің салтанатты ашылуына орай, сондай-ақ әл-Азһар университетінде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өткізу бойынша мүдделі мысырлық мекемелерге тиісті тапсырмаларын берді.

Айта кететін жайт, мерейтойға қатысты 500-ден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланса, оның 50-ге жуығы халықаралық және республикалық деңгейде өткізілмек. Бұл іс-шаралар мәдени-ағарту және білім беру салаларында ұлы Сұлтан Бейбарыс мұрасын кеңінен насихаттауды көздейді. 2023 жылғы 24 ақпанда Астанада көрнекті қолбасшы Сұлтан Бейбарыс атындағы көше ашылды.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы 3 наурызда Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың төрағалығымен Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын тойлау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтіп, мерейтойды тойлау жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланып бекітілген еді.

Өзгелердің жаңалығы