Қазақстанда 2025-2026 оқу жылы аяқталып, оқушылар үшін жазғы демалыс кезеңі басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, биыл елімізде 3 млн 900 мың оқушы білім алған. Оның ішінде 343 мың оқушы 9-сыныпты, ал 215 мың түлек 11-сыныпты тәмамдайды.
Сонымен қатар, «Алтын белгіге» үміткерлер саны 13 175 оқушыны немесе түлектердің 6 пайызын құрайды. Ал 11-сынып бойынша 18 555 оқушы, 9-сынып бойынша 31 181 оқушы үздік аттестатқа үміткер атанып отыр.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да оқу жылы қорытындыланды. Биыл 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алған. Оның ішінде 168 мың студент оқуын аяқтайды. Ал 50 мың түлек жұмысшы біліктілігі бойынша тәмамдаса, 47 400 студент дуалды оқыту жүйесімен білім алған, - деді Сүлейменова.
Министрдің сөзінше, 25 мамыр күні еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары!» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаттары өткізілді.
Тәрбие сағаттары барысында адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды ілгерілету, инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланған. Сондай-ақ оқушыларға заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау, азаматтық жауапкершілік, экологиялық мәдениет және «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы түсіндірілді.
Оқу-ағарту министрлігі оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін оқушылар жазғы каникулда 350 мың теңгеге дейінгі табыс таба алатыны хабарланды.