Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Суицид ішкі күйзелістің соңғы нүктесі ме, әлде алдын алуға болатын құбылыс па?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
14 Тамыз 2025, 12:35
1015
Бөлісу:
 ЖИ
Фото: ЖИ

Психолог Гүлжан Қалиқызы суицидті жай ғана өз-өзіне қол жұмсау емес, адамның ішкі және сыртқы әлеміндегі қайшылықтардың, терең күйзелістің салдары деп түсіндіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл — ішкі сезімдер мен қоршаған ортамен қарым-қатынастың үйлеспеуі, ата-анамен түсініспеушілік, жұмыс орнындағы келіспеушілік сияқты факторлардың түйісуінен туындайтын қайғылы құбылыс.

Суицидтің түпкі себептері

Психологтың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсау үшін адам өте үлкен күйзеліске түсуі керек. Бұл көбіне өзін-өзі жақсы көрмеу, өз-өзіне риза болмау, артық кінә сезімі немесе “мені ешкім түсінбейді” деген түңілу ойларымен ұштасады. Мұндай жағдайда адам өмірден өз орнын таппай, шарасыздықтың соңғы шегіне жетеді.

Психоанализ теориясы бойынша, әр адамның өмірінде ішкі тірек боларлық қауіпсіздік сезімін беретін объект (ана, әке, бауыр, дос) маңызды рөл атқарады. Егер мұндай тірек бар болса, адам көмек сұраудан қорықпайды. Ал тіректің жоғалуы — ең қауіпті сәттердің бірі. Сондықтан жақындары суицид жайлы сөз қозғаудан қорықпау керек: “Сен өлім туралы айтып жүрсің бе?” деп ашық сұрақ қою — итермелеу емес, керісінше, көмек көрсету мүмкіндігі.

“Ашық сөйлесу — алдын алудың бір жолы”

Қорқынышты тақырыптарды айналып өтпей, жасөспірімдермен және ересектермен ашық сөйлесу — алдын алудың бір жолы. Қазіргі заман жастарының психикасы өткен ұрпақтан өзгеше, сондықтан олардың сезімдерін жоққа шығармай, қауіпсіз әрі түсіністікке толы кеңістік ұсыну маңызды. Егер адам өз сезімін ашық айта алмаса, маман көмегіне жүгіну керек.

“Бір рет суицид әрекетіне барған адам екінші рет те қайталауы мүмкін”

Бір рет суицид әрекетіне барған адам екінші рет те қайталауы мүмкін. Бұл көбіне “қайталану неврозы” деп аталатын құбылыспен байланысты. Яғни, алғашқы әрекет кезінде шешілмеген ішкі күйзеліс кейін қайта-қайта сол жолға итермелеуі ықтимал. Мұндай жағдайда тек қысқа консультациялар жеткіліксіз — ұзақ мерзімді психотерапия қажет. Бұл процесс адамның ішкі тірегін қайта қалпына келтіруге және күйзелісті қалыпқа келтіруге бағытталады. Сонымен қатар отбасы мүшелерімен де бірлесіп жұмыс істеу керек.

Кәсіби көмек түрлері

Суицидтің алдын алуда медициналық және психологиялық көмектің маңызы зор. Психиатр алдымен диагноз қойып, бұл әрекеттің депрессия, шизофрения немесе обсессивті-компульсивті бұзылыстармен байланысты-байланысты еместігін анықтайды. Емдеу барысында антидепрессанттар, транквилизаторлар сияқты дәрі-дәрмектер қолданылуы мүмкін. Параллель түрде психотерапия жүргізіліп, адамның ішкі сезімдері зерттеледі.

Психоанализде басты мақсат — агрессияның неден пайда болғанын түсіну және оны конструктивті жолмен шығара білу. Бұл ашық әңгімелесу, хат жазу, спортпен шұғылдану сияқты қауіпсіз тәсілдер арқылы іске асады.

Суицид — бір сәттік шешім емес, көбіне ұзақ уақыт бойы жиналған ішкі қақтығыстардың көрінісі. Алдын алу үшін адамдарға дер кезінде қолдау көрсету, ашық сөйлесу, қауіпсіз орта қалыптастыру және кәсіби көмекке жүгіну қажет.

Гүлжан Қалиқызының айтуынша, адамның өмірін сақтап қалу — уақытылы байқалған сигнал мен дұрыс әрекеттен басталады.

Айта кетейік, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері елде тіркелген аяқталған суицид жағдайларының саны шамамен 2,1 мыңға жетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға аз.

Өзгелердің жаңалығы