Депутат мал шаруашылығын субсидиялаудан бас тарту себебін сұрады

3 Қазан 2019, 13:34
1749
Бөлісу:
Депутат мал шаруашылығын субсидиялаудан бас тарту себебін сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов 2019 жылдың республикалық бюджетіне енгізілген түзетулерді сынады.

"Сіздердің неліктен 17 млрд теңгені алып қойғыларыңыз келетіні маған түсініксіз. Заң жобасы Сенат қарауында және жақын уақытта қабылданар болса бағдарлама әкімшісі, Ауыл шаруашылығы министрлігі ақшаны қалай алады, қандай кепілдік бар? Бұл ақшаның бюджетке қайтарылуына кім бастама білдірді?" - деп сұрады ол Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұловтан. 

Депутатты Қаржы министрлігінің асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау мен дамытуды қолдаудан бас тартқаны таңдандырды. 

"Осы бюджетте асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау мен дамытуға және мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға 36,5 млрд теңге қолдау көрсетілмегенін көріп отырмыз. Қаржыгер ретінде жем-шөп базасы болмаса мал шаруашылығы да болмайтынын түсінбейсіз бе? Ал мал шаруашылығы болмаса дүкен сөрелерінде ет те болмайды", - деді ол.

Теміржанов тиімсіз субсидиялардан бас тарту бұл салада барлық субсидиялауды тоқтату деген сөз емес екенін айтты. 

"Нан – ең бастысы, мұны ойлап тапқан мен емес. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қазіргі жағдайы онсыз да қиын. Ауа райы өте нашар, екі рет құрғақшылық болды. Ал сіздер экономиканың нағыз секторына қолдау көрсетуді азайтып жатырсыздар. Бұл мен үшін түбегейлі түсініксіз жағдай. Бюджет мұндай түрде қабылданбауы тиіс деп санаймын", - деді депутат.

Қаржы бірінші вице-министрі субсидиялаудан бас тарту себебін атады. 

"36 млрд теңгеге субсидиялау жүйесін жетілдіру мәселесі бойынша, иә, өтінім ауыл шаруашылығы министрлігінде болды. Жолдауда субсидиялардың қайсысы тиімді және қалай жұмыс істейтінін дәлелдеуі үшін бұрын бөлінген қаражаттың тиімділігін көрсету міндеті қойылған болатын. Бұдан кейін Қаржы министрлігі осы қаражатты бөлуді қарастыруға дайын болатын. Өкінішке қарай, нақтылау кезінде талдаулар ұсынылған жоқ және осыны ескере отырып бұл мәселе кейінге қалдырылды", - деді министрдің бірінші орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы