Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Суармалы жерлерді айналымға енгізу ауылдарда 77 мың тұрақты жұмыс орнын ашады. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халық алдында берген есептік кездесуінде айтты.
Қазіргі уақытта елдегі сумен қамтамасыз ету жағдайы экономика салалары мен халықтың талаптарын әлі де қанағаттандырып отыр. Алайда, су саласының келесідей негізгі түйткілдерін атап өтуге болады. Біріншіден, өзен ағынының құлауы мен су тұтынуының артуы салдарынан орта және ұзақмерзімді кезеңде елді сумен қамтамасыз етудің болжамды төмендеуі тіркелді. Екіншіден, арналардың және ирригациялық жүйелердің сындарлы тозуы салдарынан тасымалдау кезіндегі судың жоғары шығыны болды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында шығындар 50%-ға дейін жетті. Оларды қысқарту үшін арналарды жөндеу мен су ресурстарын автоматты басқаруды енгізу талап етіледі. Келесі мәселе - инфрақұрылымға тартылатын инвестициялардың және білікті кадрлардың жетіспеушілігі, - деді ол.
Министр бұл мәселелерді шешу үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыру қажетін айтты.
Біздің алдымызда 2030 жылы қосымша жерүсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 100 км деңгейінде су балансын сақтау, суармалы жерлерді 1,4-тен 3,0 млн га-ға дейін ұлғайту үшін жаңа ирригациялық жүйелерді салу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және қайта жаңарту, су саласын цифрландыру, су үнемдеу және өзге де міндеттер тұр, - деді Мырзағалиев.
Министр жерді суландыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылғанын айтты.
2019 жылы 66 мың га алқапта су шаруашылығы инфрақұрылымы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, еліміздің 5 өңірінде (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары) суармалы жерлердің шамамен 0,5 млн га (492 мың га) сумен қамтамасыз етілуін арттыру және қалпына келтіру бойынша тиісті жобалар іске асырылуда. Қарыз және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырудың жалпы сомасы - 274 млрд теңге, - деді министр.
Мырзағалиев 3 жыл ішінде 6,7 мың километрден астам арна, 4 су қоймасы, 4 су торабы, 239 тік дренаж ұңғымасы және 23 мың өзге де су шаруашылығы құрылыстарын қайта жаңғыртылатынын айтты.
88 мың жұмыс орны, оның ішінде құрылыс кезеңінде - 11 мың жұмыс орны ашылады. Қалпына келтірілген суармалы жерлерді айналымға енгізу ауылда 77 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға ықпал етеді. Жыл сайын 165 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өсірілетін болады. Бұл сауда, өнімді қайта өңдеу, мал шаруашылығы салаларының одан әрі дамуына мультипликативті әсер етеді, - деді ол.
Оған қоса, министр ауыз суды елді мекендерге жеткізу бөлігінде 2019 жылы топтық су құбырларын салудың 11 жобасы іске асырылғанын айтты.
2019 жылы Жамбыл, Павлодар, Қызылорда және Қарағанды облыстарында 4 жоба пайдалануға берілді, оның ішінде ұзаққа созылған 2 жоба аяқталды. Нәтижесінде 205,4 км желі салынды, 21 ауылдық елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді және 39 мың тұрғынды сумен жабдықтау жүйесі жақсартылды, - деді министр.