Суармалы жерлер: Суды үнемдеп жүрміз бе?

20 Сәуір 2024, 13:44
356
Бөлісу:
Суармалы жерлер: Суды үнемдеп жүрміз бе?
Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысында әлі күнге дейін су үнемдеу технологиялары толықтай жүзеге асырылмай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Ақтөбе облысында су үнемдеу технологиясы 21,1 мың гектар алқапқа енгізілген. Оның 20,5 мың гектарына заманауи жаңбырлату жүйелері, 0,6 мың гектарына тамшылатып суару әдісі орнатылған. Жалпы облыста суарудың су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып қана қоймай, өнімділікті арттыруға да оң әсер етеді. 

Сондай-ақ бұл суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жауапты мамандар су үнемдеу технологияларын енгізудің тиімділігі туралы шаруашылықтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіп жатыр. Дегенмен бұл орайда кеткен олқылықтар да жоқ емес. Жалпы, өңірдегі шаруалар суды үнемдеп жүр ме? Міне, мәселе осында жатыр.

Биыл «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын ұлғайту» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында 10 646 гектар суармалы алқапта сыртқы инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін бұл бағыттағы жұмыстар облыстың Қобда, Мәртөк, Ойыл, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында жалпы аумағы 3,8 мың гектар алқабына жүргізілген. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. 

Әзірге тек Қарғалы ауданы мен Ақтөбе қаласында ғана 5,4 мың гектар алқапта осы бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Ал Әйтеке би ауданында жүзеге асырылуы жоспарланған 1388 гектар алқап бойынша жобаның бастапқы құнына (2017 жылы 373,6 млн.теңге) 2021 жылы түзету жасалғаннан кейін жоба құнының (652,8 млн.теңге) қымбаттауына байланысты мәселелер туындаған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 304 бұйрығымен бекітілген Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларының 16-1 тармағына сәйкес, жобалау-сметалық құжаттаманың бекітілген сәттен бастап бір жылдан астам уақыт өткеннен кейін конкурстық рәсімдер жүргізілмеген және іске асыруға қаржыландыру көзделмеген оның сметалық бөлімі жобалау шешімдерін өзгертпей түзетуге жатады. Әйтеке би ауданы бойынша суару жобасының республикалық меншіктен облыстық меншікке берілуіне байланысты жобаны әрі қарай жүзеге асыру (жобаға түзету және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу) үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажеттілігі туындап отыр, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қ.Сәрсембай.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат мөлшері белгісіз, ол үшін жобаға түзетулер енгізілуі керек.

Басқарма басшысы бүгінде облыстағы суармалы алқаптардағы суару көздері Қарғалы, Ақтөбе және Сазды су қоймалары арқылы қамтамасыз етіліп отырғанын айтады.

Айта кету керек, Қарғалы су қоймасының жобалық көлемі 280 млн текше метр болса, Ақтөбе су қоймасының жобалық көлемі – 245 млн.текше метр. Ал Сазды су қоймасының жобалық көлемі – 6 млн.текше метр. Бүгінде өңірде су қоймаларының әлеуеті толық көлемде пайдаланылып отыр. Осыған байланысты еріген қар суын жинап, суаруға одан әрі пайдалану және суармалы алқаптарды ұлғайту үшін жаңа су қоймаларын салу қажеттілігі туындайды. 

Бұл бағытта ауыл шаруашылығы басқармасы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, 22 жаңа су қоймасын салу бойынша тиісті жұмыстар атқарып жатыр.

Аталған жаңа су қоймалары салынып, іске қосылған жағдайда, қосымша 30,0 мың гектар суармалы алқапты айналымға енгізуге болады. Жыл сайын облыста жауын-шашынның тұрақсыздығы мен жетіспеушілігі, ауа мен топырақтың құрғақтылығы байқалады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде жыл сайын құрғақшылық пен аңызақ жел кері әсерін тигізбей қоймайды. Осыған байланысты кепілдендірілген өнім алу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын суарып өсіру қажет. Облыс бойынша бүгінде суармалы жерлердің алқабы 30,2 мың гектарды құрап отыр.Суармалы алқаптардың негізгі бөлігі Қарғалы, Мәртөк аудандары мен Ақтөбе қаласында орналасқан, — дейді Қ.Сәрсембай.

Облыста бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін автоматтандырылған «ақылды суару» әдісі қолданылып, Valley және RKD маркалы заманауи жаңбырлатқыш машиналары қолданылуда. 

Мысалы Мәртөк ауданының «Айс» және «Милкер» ЖШС-де ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жаңбырлатқыш машиналарға орнатылған антеннаны радиобасқару арқылы жүргізіледі. Қарғалы ауданында «Актеп» ЖШС суару кезінде арнайы қосымша арқылы смартфонмен қашықтықтан суару жүйесіне негізделген жаңа технологияны қолданады.

Суармалы жерлерді ұлғайтудың негізгі факторларының бірі — агроөнеркәсіп субъектілерін инвестициялық субсидиялау түрінде қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру. Бұл қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға жұмсалған шығындардың 50 пайызын өтеуді, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуді көздейді. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдарының сатып алған заманауи жаңбырлатып суару техникаларына және тамшылатып суару жүйелеріне олардың жұмсаған шығындарын төмендету мақсатында 2022 жылы 332,9 миллион теңге, 2023 жылы 303,8 миллион теңге инвестициялық субсидия төленді. Сондай-ақ, бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Қағидалардағы өзгерістерге сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымдарына суару әдісіне байланысты суды пайдаланғаны үшін субсидиялардың сараланған мөлшерін қолдану қарастырылған. Яғни, су үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып, суару кезінде бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасында 60 пайыздан 85 пайызға дейін сараланып белгіленді, — дейді басқарма басшысы.

Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, бүгінде өңірде жалпы саны 206 гидротехникалық құрылыс бар. Олардың 611,8 млн.текше метрге дейін су сақтап қалу мүмкіншілігі бар. Оның ішінде 10-ы — республикалық, 174-і — облыстық және 22-сі — жеке меншіктегі құрылыстар.

Қазіргі таңда коммуналдық меншіктегі 174 гидротехникалық құрылыстың ішінде 21-і күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Бұл бөгеттер елді мекендерге су басу қаупін тудырмайды, күрделі жөндеу жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Елді мекендерге су басу қаупін төндіретін бөгеттер төтенше жағдайлардың алдын алу жол картасына енгізіліп, былтыр бес гидротехникалық құрылысқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар — Алға ауданындағы Көсем,Темір ауданындағы Жекесай, Әйтеке би ауданындағы Тереңсай, Щербаковская, Мәртөк ауданындағы Казанка-2 бөгеттері, — дейді Ж.Бақыткелді.

Оның айтуынша, биыл Мәртөк ауданында орналасқан Мәртөк бөгетіне және Алға ауданында орналасқан Шолақ бөгетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ өңірде жер үсті суларын ұлғайту мақсатында 22 су қоймасын салу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне құжаттар жолданған.Олардың 2024-2029 жылдар аралығында сәйкесінше құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстары басталады. Бүгінде 7 су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалып мемлекеттік сараптамаға жолдануда.

Бұл жобалар жер үсті суларын сақтап қалуға, жалпы су көлемі 491,62 миллион текше метр суландыру алаңын 49 070 гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал су қоймаларында жинақталған су жерді суару және суландыру, елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды сумен жабдықтау, өзен арналарын санитарлық қалыпта ұстауға, құрғақшылық кезеңде төменгі ағыстағы өзендердің жағдайын жақсартады. Биыл гидротехникалық құрылыстарды бақылау жұмыстары мамыр айына дейін жүргізілетін болады, — дейді Ж.Бақыткелді.

Айта кету керек, көктемгі су тасқыны кезінде өңірдегі су қоймаларындағы судың деңгейі шамадан асып, соның салдарынан облыс орталығындағы саяжайларды су басты. 

Бұдан бөлек, облыстың алты ауданында қар суының күрт еруінен өзендер арнасынан асып, бірқатар елді мекендер суға кетті. Қазір жауапты мамандар су қоймасы мен өзендер арнасын бөгеу бағытында тиісті жұмыстар атқаруда. 

Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдайға қарамастан, суды үнемдеу мәселесі қашан да басты назарда болуы керек...

Өзгелердің жаңалығы