Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров "суармалы жерлерді пайдалану" мәселесі бойынша баяндама жасады.
2020 жылғы қаңтардағы мәлімет бойынша суармалы жерлер алаңы 1 546 мың гектарды құрайды.
Суармалы жерлерде егілетін дақылдар құрылымында дәнді масақты дақылдар - 25,6%, азықтық дақылдар - 26%, мақта - 9,3%, майлы дақылдар - 6,6%, күріш - 6,2% ауқымды үлеске ие.
Елімізде қолданылатын суару түрлері: суармалы жерлердің 79,2%-ы жер үсті суарумен, 6,8%–ы жаппай су басумен, 3,3%-ы тамшылатып суарумен, 10,7%-ы жаңбырлаумен қамтылған.
Тамшылатып және жаңбырлап суарудың қазіргі заманғы әдістері тек 210,4 мың га алаңда немесе суармалы жерлердің 14%-ында ғана қолданылады.
Сондықтан, суару кезінде ылғал үнемдеуші технологияларды пайдалану үлесін арттыру өзекті мәселе.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи ылғал үнемдегіш технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында инвестициялық субсидиялау қолданылады, ол келтірілген инвестициялардың 50%-ын өтеуді, сондай-ақ фермерлерді оқыту және білімді тарату, оның ішінде американдық Валмонт компаниясымен құрылатын демонстрациялық фермалар желісі арқылы білім арттыруды көздейді, - деді министр.
Суармалы жерлерде ауыспалы егіс ескеріле отырып, барлық қажетті ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін болады.
Әрине, суармалы егіншіліктің артықшылығы айқын. Суару есебінен өнімділігін 2-3 есе арттыруға болатын бірқатар дақылдар бар. Қазіргі заманғы суару жүйелері қымбат болса да (1 гектарға 1000 АҚШ доллары) олар жалпы жиналымды ұлғайту есебінен егіншіліктің осы түрі инвестиция тартуға қолайлы, - деді Сапархан Омаров.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында жылына 6%-бен қаражат алуға болады, сонымен қатар инвестициялық субсидиялау бағдарламасы да жұмыс істейді.
Бүгінде Мемлекет басшысы алға қойған жоғары рентабельді дақылдарға көшу, импорт алмастыру және суармалы жерлердің алқаптарын 2030 жылға дейін 3,0 млн.га дейін біртіндеп жеткізу жөніндегі міндеттер шеңберінде егіс алаңдарының құрылымы әзірленді. Бұл құрылымды іске асыру үшін облыс әкімдіктеріне жолданды.
Жалпы, суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша жүргізілген жұмыстың тиімділігі ауыл шаруашылығы дақылдары жиналымының өсуі және жеміс-көкөніс өнімдерінің негізгі түрлері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін жасалуда. Мысалы, болжанып отырған 20 мың га алаңға жаңа бақтар отырғызу бойынша Министрлік жүргізіп жатқан жұмыс шеңберінде алмамен өз елімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.