Қазақстанда су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша кешенді жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2027 жылдың соңына дейін су үнемдеу технологияларын қолданатын жер көлемі 912 мың гектарға дейін жеткізіледі. Бұл — Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығында жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдеу технологияларымен қамту жөніндегі тапсырмасын орындаудың нәтижесі.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін фермерлерге қолайлы жағдайлар жасалды. Атап айтқанда, инфрақұрылым тарту, су үнемдейтін технологияларды сатып алу және орнату шығындарының өтемақысы 50%-дан 80%-ға дейін артты. Сонымен қатар, суды нормадан тыс пайдаланғандарға арналған тариф 20%-ға көтерілді, ал тарифке байланысты сараланған субсидиялау жүйесі енгізілді, - деп айтты Бозымбаев брифингте.
2025 жылғы 9 сәуірде қабылданып, 10 маусымда күшіне енген жаңа Су кодексі де саладағы реформаларды жеделдетуге серпін берді. Қазіргі таңда ел бойынша 6 мың шақырымнан астам суару арналары жаңғыртылып жатыр. Биылдың өзінде шамамен 200 мың гектар алқапты суаратын 962 шақырым канал пайдалануға берілмек.
Су қоймалары мен гидротехникалық нысандар бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 2025 жылы Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының қайта жаңғыртылуы аяқталды. Жыл соңына дейін Түркістан облысындағы "Қарақұс" және Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймаларының құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, 105 гидротехникалық нысанға көп факторлы тексеру жүргізу жоспарланған, - деп айтты Қанат Бозымбаев.
Бұдан бөлек, 6 өңірде топтық су құбырларын салу және қайта құру бойынша 10 жоба жүзеге асырылмақ.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде елдің су қоймаларына 16,9 млрд текше метр су келіп түсті. Оның 15,7 млрд текше метр көл жүйелері мен лимандарға бағытталды. Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд текше метр су жіберілді. 2024-2025 жылдары Солтүстік Аралға 5 млрд текше метр су жіберілген. Нәтижесінде су қоймаларының жалпы көлемі 24,4 млрд текше метрге жетті.