Су тасқынына қарсы іс-шараларға 20 000-нан астам волонтер жұмылдырылды

5 Сәуір 2024, 19:17
469
Бөлісу:
Су тасқынына қарсы іс-шараларға 20 000-нан астам волонтер жұмылдырылды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазақстан өңірлері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 20 000-нан астам волонтер жұмылдырылды.

Ақтөбе облысындағы іс-шараларға белсенді қатысқан волонтер саны 8500 адамға жетті.

3 сәуірде өңірге Қызылорда облысынан гуманитарлық жүк көлігі келді. Қазіргі уақытта эвакуациялық пункттер бойынша сұрыптау және бөлу жүргізілуде. Соңғы тәулікте волонтерлер 3000 адамға ыстық тамақ ұйымдастырды.

Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 300 волонтер қатысып, 700-ден астам тұрғынға көмек көрсетті. Олар эвакуациялау, ТЖД қызметкерлері мен жұмысшыларын тамақтандыру сияқты игі істерге атсалысты.

Батыс Қазақстан облысында 7000-ға жуық ерікті жұмылдырылды, олар ТЖД қызметкерлерімен бірге тұрғындарды эвакуациялауға, тамақтандыруға көмек қолын созды.

Қостанай облысында 300 адамға арналған ыстық тамақ ұйымдастырылды. 1500 волонтер гуманитарлық көмекті сұрыптап таратты, зардап шеккендерге медициналық және психологиялық қолдау көрсетті. Сұраныстарға жылдам жауап беру үшін, жедел желі құрылды және волонтерлер шақырту түскен орындарға көмек көрсетуге аттанды. Өңірге 160 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Абай облысында көктемгі қар суының салдарынан болған тасқынмен күреске 614 волонтер қатысуда. Олар зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсетіп, апатты жағдайда қолдау білдірді, эвакуацияға қатысып, азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізумен айналысты.

Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарына елордадан 163 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Аталмыш іс-шараға 30 волонтерлік ұйым бірлесіп қатысуда. Университеттер, қайырымдылық ұйымдары және елорда тұрғындары да игі істен тыс қалмады.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарына 80 тонна гуманитарлық көмек жіберу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы