Су тасқыны: Жалаулы ауылында төтенше жағдай режимі алынып тасталды

8 Сәуір 2024, 10:36
436
Бөлісу:
Су тасқыны: Жалаулы ауылында төтенше жағдай режимі алынып тасталды
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Павлодар облысы Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылында жарияланған төтенше жағдай режимі алынып тасталды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Бірнеше күн бұрын қарғын су салдарынан 14 үй су астында қалып қойған. Жағдай тұрақталғандықтан, жергілікті ауқымдағы сипаттағы режимді алып тастау шешімін арнайы комиссия қабылдады.

Елді мекен ойпатты жерде орналасқандықтан, қар суы жиналды. Су әлі күнге дейін келіп жатыр. Мамандар су сору жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Су астында қалған баспаналардың тұрғындары уақытша туыстарының үйіне қоныстанды. Қорадағы мал қауыіпсіз жерге айдалды. Қазіргі уақытта ТЖ комиссиясы табиғаттан келген шығын көлемін есептеп, үйлерді тексеруге шықты, - деп хабарлайды Ақтоғай ауданының әкімі Ермек Машрықов.

Мамандардың айтуынша, жұмыстарды жылдам атқаруға бірнеше фактор кедергі келтірген. Біріншіден, ауыл ойпаң аумақта жатыр. Екіншіден, жылдамдығы секундына 25 метрге жеткен жел де жағдайды күрделендіріп жіберді.

Сол себепті желел штаб сыйымдылығы 200 текше метрге жететін қазаншұңқырларды қазуды қолға алды. Бұл су басу қаупін алып тастауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта үздіксіз жұмыстардың арқасында жер үйлерге судан келер қауіп жоқ. Жағдай толық тұрақталды.

Атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, судан зардап шеккен баспана иелерінің шығыны толық өтеледі. Бүгінгі таңда оларға көмек көрсетіліп жатыр. Комиссия мүшелері келтірілген залал көлемін есептеп, нақты қорытындыны жуық арада жариялайды. Шығын көлемі бюджеттен тыс бюджет есебінен төленеді.

Айта кетейік, кеше павлодарлық кұтқарушылар Солтүстік Қазақстан облысына көмекке аттанды. Барлығы 53 адам мен 10 техника жолға шықты.

Өзгелердің жаңалығы