Аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелерін жағаларын нығайту жұмыстары, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстары жалғасуда.
Зардап шеккен өңірлерге 1 400 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.
Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 411 жеке тұрғын үй, 1 607 аула аумағы су астында қалуда. Бірлескен күштермен 9,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды, 2,2 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. 3 503 тұрғын үй мен 2 157 аула аумағынан су бұрылды.
Су тасқыны басталғалы бері 111 194 адам, оның ішінде 39 222 бала құтқарылды және эвакуацияланды. Тартылған әуе кемелерімен 3 575 адам, оның ішінде 1 157 бала құтқарылды. 11 950 адам үйлеріне оралды. Уақытша орналасу пунктеріне 6 814 адам, оның ішінде 2 995 бала орналастырылды. 106 551 ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды. «Жедел желі» телефонына 1 716 қоңырау түсті, психологтар зардап шеккен адамдарға писхологиялық көмек көрсетуде.
Су жүрген 103 автожол, су шайған 80 автожол, оның ішінде 9 көпір және 71 жол төсемі бақылауда қалуда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 82 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.
Ақмола облысында Есіл, Қоңыр өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атбасар ауданының Самара ауылында, Жарқайың ауданының Пригородное, Құмсуат ауылдарында, Бұланды ауданының Новобратск, Никольск ауылдарында 101 жеке тұрғын үй мен 42 аула аумағы су астында қалды. 163 адам алдын ала эвакуацияланды, олар эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйлеріне орналастырылды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар және халыққа көмек көрсету, эвакуациялау жұмыстары жалғастырылуда. Өзендер деңгейіне мониторинг жүргізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне және су басу қаупіне байланысты Петропавл қаласының Борки шағын ауданында, Хромзауыт шағын ауданы жанындағы Карьерная көшесінде, Қызылжар ауданының Соколовка, Большая малышка ауылдарында 85 жеке тұрғын үй су астында қалды. 1 003 адам алдын ала эвакуацияланды, олар эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйлеріне орналастырылды.
Ақтөбе облысында Торғай өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ырғыз ауданының Нұра ауылында 10 жеке тұрғын үй су астында қалды. 655 адам Ырғыз ауылына алдын ала эвакуацияланды. Сонымен қатар тікұшақ Жайсанбай, Құйылыс ауылдарына 2100 кг азық-түлік және 1600 литр ЖЖМ жеткізілді. Барлығы 121 адам эвакуацияланды. Нұра, Мамыр, Жайсанбай және Тәуіп елді мекендерінде жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда.
Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ҚМ, ІІМ, МКҚ, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың 33 334 адам, 4 066 бірлік техника, 835 су сору және 275 жүзу құралы, 11 әуе кемесі жұмылдырылды.