Бүгінгі күні Ырғыз ауылында 50 үйді салуға 11 құрылыс компаниясы кірісіп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің сөзінше, Ырғыз ауылынан бой көтеріп жатқан баспаналардың құрылысына қажетті материал жеткілікті. Кейбірінің іргетасы құйылған. Бұл тұрғын үйлерге аудан орталығына көшуге қарсылық танытпаған Нұра және Мамыр ауылдарының тұрғындары қоныстанады.
Ырғыз ауданында 168 үй табиғи апаттан зардап шекті. 161 үй тұруға жарамсыз болып қалса, жетеуіне күрделі жөндеу жүргізіледі. 24 ырғыздық отбасы баспананы екінші нарықтан сатып алуды жөн көріпті.
Қалған 137 үйдің осы ауданның орталығынан - 50 үй, Нұра селолық округінің Сарыоба жерінен сол Нұра халқының келісіміменен 75 үй және Мамыр елдімекенінен 12 үй салынатын болады. Қазіргі уақытта 50 үйдің іргетасын қазу жұмыстары аяқталды және бірнеше үйдің экоблок материалдары, қызыл кірпіштері, пенопласттары әкеліп жеткізілді. 6 үйге фундамент, 18 үйге іргетастың астыңғы қабаты құйылды. Жалпы алғанда аудан бойынша салынатын 137 үйді біз тамыз айының ортасына дейін толығымен аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы Нұра селолық округінің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді, осы Сарыоба жеріне үй салуға байланысты тиісті ведомстволардан рұқсат қағаздарын алдық. Ертеңгі күні осы Нұра елдімекені Сарыоба жерінен де құрылыс жұмыстарын бастаймыз, - дейді аудан басшысы Нұрлан Қызбергенов.