Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Бұланды ауданында жұмыс сапарымен болып, су тасқынынан зардап шеккен бұландылықтар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс қарқынымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінгі күні Иванковка ауылында 41, Капитоновка ауылында – 15, Журавлевка ауылында – 43 және Вознесенка ауылында – 16 үйдің құрылыс жұмыстары басталды.
Жоспарға сәйкес, салынып жатқан үйлер стандартты – бір қабатты, бір отбасына 80 шаршы метрді құрайтын болады. Барлық жұмыс алгоритм бойынша орындалуда. Нөлдік циклден бастап құрылыстың барлық кезеңін өңір деңгейіндегі басқарма қадағалайды. Жергiлiктi деңгейде атқарылып жатқан барлық жұмыстардың барысы жергiлiктi атқарушы органның, құзырлы қызметтердiң, сондай-ақ облыстық, аудандық мәслихаттардағы депутаттық корпустың тiкелей бақылауында болатыны сөзсiз.
Министр мердігер ұйымдардың басшыларымен кездесті.Қ.Шарлапаев кейбір ауылдардағы мердігерлердің жұмысын сынға алып, жұмыс қарқынын барынша жеделдетіп, міндеттердің сапалы орындалуын талап етілетінін жеткізді.
Уақыт қарқынды жұмысты талап етеді, яғни бүгінде нысандардағы жұмыс тәулік бойына жүргізілуі тиіс, ол – техникалық, материалдық және еңбек ресурстардың жеткілікті болуы, сонымен қатар, сапа мәселесі бірінші кезекте болғаны абзал, - деп түйіндеді Қанат Бисимбайұлы.
Сапар барысында министр Капитоновка және Иванковка ауылдарындағы салынып жатқан үйлерге оң баға берді, себебі, мұндағы жұмыстың нәтижесі мен қарқыны көзге көрініп тұрғаны жасыррын емес. Қанат Шарлапаев атап өткендей, зардап шеккен тұрғындар мемлекеттің қолдауын сезінуі қажет, бастан өткен сын сағаттар артта қалып, жаңа баспанада ауыл тұрғындары жаңа жайлы өмір бастауы маңызды.