Су тасқынынан зардап шеккен құлсарылықтар бағалау қорытындысына сәйкес қаражаттарын алып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Құлсары қаласындағы 4-учаске тұрғыны, 74 жастағы ардагер теміржолшы Айтбай Шайпахов 2018 жылы салынған үйінің белуарына дейін суға кеткендігін айтады. Қазіргі таңда бөлінген қаражаттың есебінен үйінің ішіне және сыртқы бөлігіне жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жөндеу жұмыстарын 15 күннің ішінде аяқтады. Линолеум төселіп, есік ауыстырылды. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауын тілеймін, - деді зейнеткер.
Сондай-ақ, 5 сәуірде су тасқыны салдарынан үйі құлаған 4-учаске, Бекбике көшесінің тұрғыны Нәсіпбай Сағынбаевтың бала-шағасымен ауладағы ағаш үйде тұрып жатқанына екі айға жуықтады. Қазіргі уақытта үйді қарайтын техникалық бақылаушылар мен бағалаушылар жағдайды зерделеп, қорытындысын шығарған.
Ескі үйде 1989 жылдан бері тұрып келдік. Соңғы 5-6 жылдан бері тырнақтап жинаған қаражатыма үйімнің қасынан жаңа үйдің тасын көтеріп қойғанмын. Түскен қаражатты сол үйдің құрылысына жұмсап жатырмын. Жұмысшылар да келді. Үйдің шатырын жауып бастап кетті. Қыстың қамын жазда ойла, дегендей осы бастан қамданып жатырмыз. Құлаған үйімнің жерін де өзіме қалдырып жатырмын, алдағы уақытта балалар өсіп келе жатыр. Өздерінің қажеттеріне асырар, - деді бес баланың әкесі.
Бүгінгі таңда бағалау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар маусым айының 10-ына дейін аяқталады деп жоспарлануда.