Су тасқыны: Қостанайда талапқа бағынбаған 4 адам жауапқа тартылды

9 Сәуір 2024, 17:48
325
Бөлісу:
Су тасқыны: Қостанайда талапқа бағынбаған 4 адам жауапқа тартылды
Фото: Арман Мухатов - архив

Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қостанайда су басқан аймаққа кіруге тыйым салу туралы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 4 адам жауапқа тартылды. Мәселен, 6 сәуірде түнгі уақытта Қостанайда тереңдігі бір метрге дейін жететін су басқан аймаққа өтпек болған мас күйдегі адамдар тоқтатылды, - деді полицей брифингте.

Оның сөзінше, ұсталған азаматтар полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, талаптарына бағынбаған.

Одан бөлек, құқық бұзушылар қоғамдық орында мас күйде жүргені және төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ Қаратомар су қоймасындағы жарықшақ туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қостанай қаласының тұрғынына қатысты тағы бір әкімшілік материал жиналды. Сотқа жіберуді жоспарлап отырмыз, - деп айтты ІІМ өкілі.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев еліміздің заңнамасына сәйкес төтенше жағдай мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылатынын еске салды. Мысалы, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жаза күшейтілді.

Сонымен қатар заңға сәйкес төтенше жағдай кезінде лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі артады.

Қызмет барысындағы әрекетсіздік, құқық қорғау органы қызметкерінің өз міндеттерін орындаудан жалтаруы қылмыстық жауаптылықты ауырлатады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті атқару қағидаларын бұзған, азаматтарға, ғимараттарға шабуыл жасау мен мүлікті қауіпті тәсілмен жоюға қарсы шаралар қабылдамаған бастықтың әрекетсіздігі үшін жауапкершілік күшейтілді.

Өзгелердің жаңалығы