Су тасқыны. Қостанайда қандай жұмыстар жасалып жатыр?

9 Сәуір 2024, 12:39
245
Бөлісу:
Су тасқыны. Қостанайда қандай жұмыстар жасалып жатыр?
Фото: видеодан скриншот

Бұл туралы ОҚК брифингінде Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының директоры Абай Дүйсеков баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстың барлық аймақтарында еріктілер жасақтары, барлығы 3 мыңға жуық адам тасқынға қарсы іс-шараларға жұмылып, халықты эвакуациялау және гуманитарлық көмекті арттыруға атсалысып жатыр.

Өңірлердегі еріктілердің жұмысын жастар ресурстық орталықтары үйлестіріп отыр. Жетінші сәуірдегі жағдай бойынша су басу қаупі жоғары аймақтардағы еріктілер саны 1760 адамнан асқан. Яғни Рудный, Қостанай қалалары мен Қостанай ауданында, - деді Дүйсеков.

Ол жұмыстар екі бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

Біріншісі – төсек жабдықтарын және тағы да басқа керек заттарды жинап, Қостанай қаласы мен Қостанай ауданы эвакуациялық пунктеріне жеткізу және ыстық тамақты тарату. Екіншісі қаптарды толтырып, бөгет орнату, - деді ол.

Ресурстық орталық директорының айтуынша, қазір барлық еріктілер эвакуация туралы ескерту үшін үйлерді аралап, бөгеттерді нығайтып, арықтар мен су арналарын жасап, азық-түлік жеткізіп, қаптарды құммен толтыру және оңтүстік өңірлерде Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарында гуманитарлық көмек тарату сияқты жұмыстармен айналысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы