"ҚазАвтоЖолдың" ресми өкілі Сәкен Ділдахмет су қаупіне байланысты өңірлерге қанша техника жіберілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына қосымша арнайы техникаларды жұмылдырды.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының Бөрлі және Теректі аудандарына 33 бірлік техника жіберілді. Сонымен қатар, резервте кез келген уақытта қолдау көрсетуге қосымша 74 бірлік техника дайын тұр. Атырау облысының Атырау, Құлсары қалаларында және Махамбет, Хамит Ерғалиев пен Дамбы елді мекендерінде 138 бірлік техника су тасқынына қарсы шараларда жұмыс істеуде. Сондай-ақ, табиғи апатты алдын алуға басқа облыстардан қосымша 64 бірлік техника мобилизацияланды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде Қазақстанның басқа өңірлеріне, соның ішінде Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына қосымша көмек жіберілді, - деді Сәкен Ділдахмент ОКҚ-да өткен брифингте.
Жалпы 2106 бірлік жол-құрылыс техникасы, 24 мотопомпа мен 2826 жұмысшы жұмылдырылды.