Су тасқыны: Эвакуацияланған азаматтарға жатақханадан орын беріледі

9 Сәуір 2024, 15:24
514
Бөлісу:
Су тасқыны: Эвакуацияланған азаматтарға жатақханадан орын беріледі
Фото: pixabay.com

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ОКҚ-да су тасқынының салдарымен үниверситеттер мен студенттер де күресіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Апатпен күреске жоғары оқу орындары тартылған. Университеттер белсенді азаматтық ұстаным көрсетіп жатыр. Студенттер қала шеңберінде өз еркімен гуманитарлық көмек тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деді вице-министр.

Ешенқұловтың айтуынша, өңірлерде, су тасқыны жүріп жатқан жерлерде студенттер және университеттер қызметкерлері қатарынан 5 мыңнан аса адамнан тұратын отрядтар құрылды.

Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 450 студенті мен 50 қызметкерінен тұратын еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасымалдауға, жеткізуге, гуманитарлық көмектерді қабылдауға жәрдемдесіп жатыр.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті 2 880 адамнан тұратын студенттер қатарынан, сондай-ақ 200 қызметкерден арнайы еріктілер жасағы құрылған.

Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 300 студенті еріктілер ретінде ауыспалы режимде жұмыс істеп жатыр. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 100 волонтеры күн сайын тасқын болған аймақтардан эвакуацияланған азаматтарға гуманитарлық көмек тарату жұмыстарына қатысып жатыр. Өңірлерде зардап шеккендерді жоғары оқу орындарының жатақханаларына орналастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде жоғары оқу орындары өз жатақханаларынан эвакуацияланған адамдарға 1 160 орынды әзірлеп қойды. Сонымен қатар Рудный және Жәңгір хан университеттерінде 100 орыннан дайындалған, - деп айтты Талғат Ешенқұлов брифингте.

Қазіргі уақытта Рудный индустриалдық университетіне Перцовка ауылының 3 тұрғыны қоныстанды.

Сондай-ақ бұл университет жабдықталған 4 аудиторияны,зардап шеккен аймақтардағы балаларды оқытуды ұйымдастыру мақсатында пайдалануға беруге дайын.

Жалпы қазір жатақханаларда эвакуацияланған 445 адам орналасқан.

Досмұхамедов университеті жатақханалардан 860 орын әзірлеп қайған, қазір онда 4 адамнан тұратын 1 отбасы ғана орналасқан.

Есенов университеті зардап шеккендер үшін 300 орын әзірледі. Қазіргі таңда онда 138 адам орналасқан.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 300 орындық 1 жатақхананы толық босатып берген, қазір онда адам толық орналасқан.

Өзгелердің жаңалығы