Су тасқынына қарсы кезеңде қазақстандықтардың жалақысы өзгерісіз қалады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ЕХӘҚМ ресми өкілі Мадияр Уақпаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Төтенше жағдай жарияланған аудандар мен қалалардағы субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан қазақстандықтардың жалақысы өзгеріссіз қалады. Қазіргі кезде жұмыссыздардың білім деңгейі мен жасына қарай субсидияланатын жұмыс орындарының 6 түрі іске асырылып жатыр, - деді ведомствоның ресми өкілі.
Оның айтуынша, ол тізімге қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары бойынша жұмысқа орналасқандар кіреді.
Төтенше жағдай кезеңінде субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыз адамдардың жалақысын еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілерден мәліметтер талап етпей төлейді, - дейді Еңбекминінің өкілі брифингте.
Сонымен бірге жастарға жеңілдетілген микрокредит беру бағдарламасы бойынша қарыз алған, ал қазір су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға микрокредиттер бойынша төлемдер кейінге қалдырылады.
2024 жылғы кестелер бойынша барлық төлем 2025 жылдан бастап қаржыландыру мерзімінің соңына дейін кейінгі төлемдерге біркелкі үлестермен бөлінеді.