Су тасқыны артта қалды, алда су тапшылығы күтіп тұр ма?

22 Наурыз 2025, 21:32
461
Бөлісу:
Су тасқыны артта қалды, алда су тапшылығы күтіп тұр ма?
Фото: baq.kz

Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі артта қалды. Облыс аумағында қар түгел еріп бітті. Жайық пен Шаған секілді трансшекаралық өзендерден басқасында су деңгейі төмендеп жатыр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне "Қазгидромет" РМК БҚОФ-нан мәлім етті.

Биылғы көктем қалыпты жағдайда өтуде. Кіші өзендерде су тасқынының шарықтау шыңы өтіп кетті. Жайық өзені бойынша көктемгі мезгілде келетін су көлемі 3,2-5,2 млрд текше метр шамасында болмақ. Былтыр 12 млрд текше метрдей астам су келсе, биыл одан 2-2,5 есеге аз болады. Жайық өзенінің Орал қаласы тұсында максималды деңгейі 550-650 см аспайды, - дейді филиал директоры Тілеген Шапанов.

РФ Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан бұрын қыс айларында Жайық өзенімен секундына 15 текшеметр ғана су жіберілетін болса, биыл желтоқсанның аяғында бұл көрсеткіш 60, ақпанның 14-нде 108, наурыз айында 201 текшеметрге ұлғайған болатын. Осының арқасында Жайық-Көшім суармалы-суландыру жүйесіне 57 миллион текше метр су алынған.

20 наурыздағы жағдай бойынша Киров, Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймалары 46% толып тұр. Командалық деңгейге, яғни 80% жеткеннен кейін көлдіктер мен табиғи шабындықтарды суландыруға кірісеміз. 60 мың гектардан астам ауылшаруашылық алқабына су шығару жоспарда. Қазіргі таңда Көшім өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдерге Пятимар су қоймасынан су беру жалғасып жатыр, - дейді "Қазсушар" РМК БҚО филиалының директоры Рауан Құсайынов.

Ал бастауын Ресейден алатын келесі трансшекаралық өзендер Қараөзен мен Сарыөзен арқылы су жылдағыдан айтарлықтай аз келмек. Қараөзенге қазір Саратов облысындағы Приузень су қоймасынан секундына 62 текшеметр тіршілік нәрі түсіп жатса, Сарыөзеннің ағысы мүлде мардымсыз, жоқтың қасы десе де болады. Күні бүгін қос өзен арқылы 19 млн текшеметр су келген. Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр көктемгі тасқын кезінде келген су 505 млн текшеметрді құраған, осы дариялардың қойнауындағы 55 мың гектар көлтабанға су шығарылған. Биыл былтырғы су көлемінің бестен бірі де келмей қалуы ғажап емес. Егер олай болса, өңірдің ауылшаруашылығына үлкен соққы болмақ. Өйткені онсыз да қаптаған киік шабындықтың шаңын шығарып, жайылымды жарамсыз ғып кетіп жатыр. Былтыр киіктің кесірінен Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Ал Казталов пен Жаңақала аудандарының шаруалары көлдіктерге шыққан шөптің арқасында қысқы қор жинады. Осы 4 ауданда өңірдегі мал басының жартысына жуығы шоғырланған. Өзен жағалағанның өзегі талмайды. Соңғы екі аудан үшін Қараөзен мен Сарыөзен – негізгі тіршілік қайнары. Қос өзеннің бойында 50-ге жуық ауыл, 14 дербес су құбыры бар. Бұрын өзенді бөгеу арқылы су көлтабандарға шығарылып, шаруалар шабындыққа қарық болатын. Биыл көлтабандарға су түспесе, мал азығын дайындау мұң болары сөзсіз. Ендігі үміт Ресейден сатып алынатын суда. Алайда көрші елден келер судың көлемі әлі нақтыланбапты.

Көктемгі тасқыннан кейін жазда оңтүстік аудандарға қажетті суды Ресейден сатып аламыз. Ол қаржы Еділдің суын өрге қарай айдайтын көрші елдегі каскадты сусорғы стансалардың шығынын жабуға жұмсалады. Қазір Ресей Федерациясындағы әріптестермен келісім-шарт жасап жатырмыз, - дейді "Қазсушар" РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшылығы.

Былтыр БҚО көрші елден 133 миллион текшеметр су сатып алған. Оның 102 миллион текше метрі Қараөзен мен Сарыөзенге Саратов облысынан түссе, қалғаны Жәнібек ауданы мен Бөкей Ордасы ауданының Мұратсай ауылына РФ Волгоград облысы Палласовка ауданынан жеткен. Мамандар 2024-те еліміздегі су тасқынына байланысты суға бөлінген қаржының қомақты бөлігі қысқарып қалғанын айтады. Шындығында оңтүстік аудандарға 209 миллион текше метр су қажет. 2023 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд 333 млн теңге қаржы қаралған. Жалпы су сатып алуға керекті қаржы Ресей рублінің курсына, көрші елдегі электр қуатының тарифі мен инфляцияға байланысты жыл санап өсіп отыр.

Мамандардың пікірінде қалыптасқан проблеманы шешудің бірден-бір жолы су қоймасын салу және Жайық – Көшім жүйесінен Қараөзенге түсетін суды арттыру. Сонда көктемгі тасқын кезінде судың екпінін бәсеңдетіп, жазда су тапшылығы кезінде қажетті суды төменге жіберіп отыруға болады. Алайда Жалпақтал ауылы тұсынан су қоймасын салу жөнінде 2012-де көтерілген мәселе шешімін енді-енді таппақ.

Қазіргі таңда 3 су қоймасын және 7 магистралды каналды қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Ағымдағы жылы Қараөзен өзенінде жинақтау көлемі 28 млн. текшеметр болатын су қоймасын салу, Жәнібек суармалы-суландыру жүйесін және Жайықбай суландыру каналын қайта жаңғырту бойынша жобаларды іске асыру басталды және Сарыөзен өзеніндегі су қоймасының құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірлену жоспарлануда, - дейді "Қазсушар" РМК БҚО филиалының басшылығы.

Тайыр Жәнібек

Өзгелердің жаңалығы