3 сәуірде су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік штабтары құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Барлық өңірлерде Достық үйлерінің жанынан су тасқынынан зардап шеккендерге арналған көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылып, ағымдағы жылғы 5 сәуірдегі жағдай бойынша 110,0 млн. теңгеден астам қаражат жиналды.
«Ассамблея жастары» РҚБ және ҚХА қоғамдық құрылымдарының еріктілері, мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне белсенді көмек көрсетуде. Сондай-ақ, ЭМБ өкілдері және ҚХА мүшелерімен материалдық-қаржылық көмек көрсетілуде.
Аталған жұмысқа республика бойынша ҚХА-ның 9000-нан астам еріктілері жұмылдырылды.
Өңірлік этномәдени бірлестік өкілдерімен 25,3 мың тонна азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тауарлар жіберілді. Сондай-ақ, 23 жүк машинасы (орташа және ауыр жүк фуралары және т.б.) мен 14 арнайы техника (экскаваторлар, камаздар, самосвалдар және т.б.) тартылды.
Атап айтқанда, 2024 жылғы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысындағы Достық үйінің қабылдау пунктіне өңірдегі кәсіпкерлер, ҚХА мүшелері, қоғамдық бірлестіктер азық-түлік өнімдері, киім-кешек, төсек-орын түрінде әлеуметтік көмек көрсетті. Жиналаған көмек Батыс Қазақстан облысындағы Қаратөбе ауданына үшінші рет, Бөрлі ауданына екінші рет жеткізілді.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі мен облыстың Жастар саясаты басқармасының Жастар ресурстық орталығы үй-жайларын су басқан тұрғындарға көмек қолын созып, зардап шеккендерге көмек қорын әкелді.