Су тасқыны: Су астында қалған алқаптың 85 пайызы – мақталық

3 Мамыр 2020, 16:01
2522
Бөлісу:
Су тасқыны: Су астында қалған алқаптың 85 пайызы – мақталық
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасуда. 

Қазір бұл жұмыстармен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған Арнайы жұмысшы тобы айналысып жатыр.  

Бүгін бұл туралы Мырзакент кентіндегі штабтың баспасөз орталығында Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов мәлім етті. 

WhatsApp Image 2020-05-03 at 15.40.29 (1).jpeg

Басқарма орынбасарының айтуынша, қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталған. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85%-ын мақта егістігі құрса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталыпты.  

WhatsApp Image 2020-05-03 at 15.40.29.jpeg

Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз, - дейді Тұрғанбек Оспанов.

Айта кетейік, бүгінде Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елді мекеннен, яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші,  Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан  3115 ірі  қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кетіп өлген мал саны әзірге белгісіз болып отыр. Бұл жұмыстарға тасқын судың әлі де болса тоқтамай тұрғаны қолбайлау болуда.

Өзгелердің жаңалығы