Су тасқанымен күрес: спорт саласының 7000-нан астам өкілі көмектесуде

10 Сәуір 2024, 14:02
455
Бөлісу:
Су тасқанымен күрес: спорт саласының 7000-нан астам өкілі көмектесуде
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігі мен спорт және туризм қауымдастығымен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмектесіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, еліміздегі 32 спорт федерациясы тосыннан келген табиғи апатқа тап болған аймақтарға материалдық, оның ішінде алтауы қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ спорт ұйымының өкілдері гуманитарлық көмекті қабылдау және халыққа тарату пункттерін ұйымдастыруда ерікті ретінде еңбек етіп жүр. Осы мақсатта Туризм және спорт министрлігі «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігімен күш біріктіріп, халыққа бірлесе көмек қолын созуда.

Сала мамандарының көмегімен Атырау қаласында ұзындығы 1 шақырымға жететін бөгет нығайтылып, жағалауларға бөгет құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 7700-ден астам сала мамандары мен спортшылар тартылған. Спортшылардың арасында аралас жекпе-жек шебері Василий Тахтай, грек-рим күресінен Азия чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы Асхат Ділмұхамедов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрғали Тұрсынғазиев, «Қазақ күресі» ассоциациясының БҚО бойынша президенті Әсет Сұлтанұлы және тағы басқа да танымал спортшылар бар.

Ермек Маржықпаев қысылтаяң шақта халықпен бірге су тасқынының салдарымен күресіп жатқан спорт саласының өкілдеріне алғысын айтты.

Қазақ «Апат айтып келмейді» деп бекер айтпаған. Қарғын судың қаупіне қанша жерден дайын болсақ та, кейде табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру қиынға түседі. Бұл жолы ел тұрғындары дәл осындай қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. 5 облыста 13 спорт нысаны су астында қалды. Қысқа мерзімде аталған спорт кешендерін қалпына келтіру жоспарланған. Дегенмен халықтың ынтымақ-бірлігінің нәтижесінде бұл тығырықтан да шығарымыз анық. Ел Президенті өз Үндеуінде атап өткендей, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі. Осы орайда төтенше жағдай кезінде құтқарушылар қатарынан табылған туризм және спорт салаларының өкілдеріне алғысымды білдіремін. Олардың бұл әрекеті ерлікпен пара-пар. Сонымен қатар еліміздің даңқты спортшылары Мемлекет басшысының Үндеуін қолдап, әлеуметтік желілерде жазба жариялады, - деді Ермек Маржықпаев.

Өзгелердің жаңалығы