Су мәселесін немістермен бірігіп шешеміз

18 Қазан 2023, 15:53
697
Бөлісу:
Су мәселесін немістермен бірігіп шешеміз
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы (GIZ) «Орталық Азиядағы су ресурстарын климаттық әсерді ескере отырып басқару» өңірлік бағдарламасын іске асыру туралы шартқа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжатқа министр Нұржан Нұржігітов пен бағдарлама менеджері - доктор Каролина Милов қол қойды.

ГФР, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан қатысатын бағдарлама Германия Федералды Үкіметінің «Жасыл Орталық Азия» аймақтық климат және қауіпсіздік бастамасының бөлігі. Оның мақсаты - климаттық әсерді ескере отырып, өңірлік деңгейде су ресурстарын интеграцияланған басқаруды енгізу.

Бағдарлама Су ресурстары және ирригация министрлігімен және «Амудария» және «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы ұйымдарымен жұмыс істейтін болады. Жоба аясында өңірде суды пайдаланудың тиімділігін арттыру, климаттық әсерді ескере отырып, су ресурстарын басқару жөніндегі пилоттық жобаларды іске асыру және Амудария мен Сырдария өзендерінің бассейндерін климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі шаралар әзірленетін болады.

Бағдарламаны іске асырудың операциялық жоспары әзірленеді, сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігі мен басқа да қатысушыларды қамтитын үйлестіру комитеті құрылады. Неміс тарапы сарапшыларды ұсынуға және жергілікті мамандарды базалық және қосымша оқытуды қамтамасыз етуге міндеттенеді. Сонымен қатар  GIZ қажетті жабдықты жеткізе алады және гранттар түрінде қаржылық қолдау көрсете алады. Шарт 2027 жылдың ақпанына дейін жарамды болады.

Біздің бірлескен іс-қимылдарымыз алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге және су ресурстарын басқару мәселесінде Орталық Азия елдері арасындағы кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді деп үміттенемін. Суды тиімді және дұрыс пайдалану – біздің өңіріміз алдында тұрған басты мәселелердің бірі. Сондықтан біздің алдымызда тұрған барлық міндеттерді бірлесіп және неміс әріптестеріміздің қолдауымен шешетін боламыз,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Өзгелердің жаңалығы