Студенттерді «Халықтық құрылыс» бағдарламасына тарту ұсынылды

18 Қараша 2026, 15:26
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 18 Қараша 2026, 15:26
18 Қараша 2026, 15:26
74
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

«Ауыл» партиясы студенттік еңбек жасақтарын жандандырып, оларды «Халықтық құрылыс» бағдарламасына белсенді тартуды ұсынды. Бұл туралы партия фракциясының жетекшісі Қайрат Айтуғанов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда 6 миллионға жуық жас бар. Бұл ел халқының 29 пайызын құрайды. Сондықтан жастарды жұмыспен қамтып, олардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік жасау маңызды.

Осы бағытта «Ауыл» партиясы 2024 жылдан бастап студенттік құрылыс жасақтарын жаңғырту жұмысын қолға алған. Депутаттың мәліметінше, екі жыл бұрынғы су тасқыны кезінде студенттік жасақтар Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында 250 тұрғын үй салуға атсалысқан.

Бұдан бөлек, партия арнайы штаб құрып, құрылыс саласымен қатар инженерлік, сервистік және аграрлық бағыттар бойынша студенттік жасақтарды қалыптастыруға көмектескен. Биыл 78 жасақтың құрамына мыңнан астам студент қабылданған.

Қайрат Айтуғановтың пікірінше, бұл тәжірибе «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға да үлес қоса алады. Жоба жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, ел экономикасына қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты «Ауыл» партиясының фракциясы Үкіметке үш ұсыныс жолдады:

1. Студенттік еңбек жасақтарының тәжірибесін республика бойынша қолдап, ауқымын кеңейту. Бұл жұмысқа әкімдіктерді, бизнес өкілдерін және оқу орындарын тарту;

2. «Халықтық құрылыс» бағдарламасына студенттік жасақтарды белсенді тарту тетіктерін қарастыру;

3. «Жасыл ел» секілді елдегі жастар ұйымдарының күшін біріктіріп, олардың қызметін үйлестіру.

Депутаттың айтуынша, бұл бастамалар жастарға еңбек тәжірибесін жинақтап, елдің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Наверх