Ішкі істер министрлігі бопсалаудың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі профилактикалық жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Уақытылы жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде тіркелген бопсалау фактілерінің саны 15% төмендеді. Сонымен қатар аталған қылмыстардың ашылу көрсеткіші іс жүзінде жүз пайыз деңгейінде сақталып отыр.
Мәселен, Абай облысында профилактикалық және жедел жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы тұрғындарынан ақша бопсалаумен айналысқан 6 адамнан тұратын қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралар олардың одан әрі заңсыз әрекеттер жасауына жол бермеді. Барлық күдікті ұсталды.
Павлодар облысында студенттерден ақша бопсалады деген күдікпен 2 адам дер кезінде қолға түсті. Полицияның жедел әрекеттері жәбірленушілерге жасалған қысымды тоқтатып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Алматы облысында әлеуметтік желі арқылы жүзеге асырылған бопсалау схемасының жолы кесілді. Полиция қызметкерлерінің уақтылы араласуы қылмыстың әрі қарай жалғасуына жол бермеді. Іске қатысы бар барлық адамдар ұсталып, қамауға алынды.
ІІМ бопсалаудың алдын алу, ескерту және дер кезінде жолын кесу ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтеді.
Полиция азаматтарды бопсалау және өзге де заңға қайшы әрекеттер фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады. Уақытылы жүгіну қылмыстардың алдын алуға және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ықпал етеді.