Студенттер қоғамдық тамақтану орындарында төлем жасауға арналған жүйе ойлап тапты

8 Тамыз 2019, 20:15
2411
Бөлісу:
Студенттер қоғамдық тамақтану орындарында төлем жасауға арналған жүйе ойлап тапты
PHOTO

BAQ.KZ. Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері мен оқушылары қоғамдық тамақтану орындарында төлем жасауға арналған жаңа жүйе ойлап тапты. «Pie Pay» атты жоба бойынша тұтынушы - мекеме ұсынған арнайы карта арқылы төлем жасай алады, деп хабарлады Зияткерлік мектептің баспасөз қызметі.

Жоба жетекшісі АҚШ-тағы Вирджиния унисерситетінің студенті, Орал қаласындағы Зияткерлік мектепті тәмамдаған Шымболат Тналиев. Талапты жас Финляндия, Түркияда білім алып жүрген басқа да түлектер мен оқушылардың басын қосқан. 

«Шет елде қазақстандық студенттер маған көп көмектесті. Мен де білген-түйгенімді өзгелермен бөлісуді парыз санаймын. Біздің шетелде жинақтаған тәжірибе мен оқушылардың білімі бір арнада тоғысты», – деді жоба жетекшісі Шымболат Тналиев. 

Команда мүшелерінің әрқайсысына түрлі міндеттер жүктелген: бірі бағдарламалаушы қызметін атқарса, қалғандары дизайн жасау, қаржылық сұрақтарды реттеу, маркетинг, ұйымдастыру жұмыстарына жауапты болған. 

WhatsApp Image 2019-08-08 at 18.38.44.jpeg

Жастардың сөзінше, жаңа төлем жүйесі уақыт үнемдейді, тапсырысты жеделдетеді. Сонымен қатар, жеке мәліметтер қажет болмағандықтан, тұтынушы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір инвесторлармен келіссөз жүргізілуде. Көп ұзамай карта Алматы қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында сыналмақ.

«Біз бұл жобаны «трамплин» деп атар едік. Себебі старт-апты бастау, өнімді ұсыну жолдары, компаниялармен қарым-қатынас сияқты тәжірибе жинақтап жатырмыз», – дейді 11-сынып оқушысы Данияр Жарқынұлы.

Түлектерден үлгі алған оқушылар да мектеп игілігі үшін бірқатар жобаны қолға алған. Даниярдың сөзінше, қазір оқушыларға арналған дербес сайт жасалуда. Сонымен қатар, облыстағы бірқатар мектеп шәкірттерінің қатысуымен түрлі жарыстар ұйымдастыру жоспарда бар. 

Айта кететіні, команда мүшелері – мектептегі робототехника курсының қатысушылары. Осы жерде олар әркімнің белгілі бір салада қабілеті бар екенін аңғарыпты. 

«5-сыныптан бастап шетелде білім алуды армандадым. Арманымды ақиқатқа айналдырған физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұстаздарына алғыс айтамын. Басты жоспарым – Отаныма оралып, электр энергетикасы саласына үлесімді қосу», – дейді болашақ инженер Шымболат Тналиев.

Өзгелердің жаңалығы