Студенттер арасында кинотанушылық жұмыстар байқауы өтеді

17 Ақпан 2024, 14:48
686
Бөлісу:
Студенттер арасында кинотанушылық жұмыстар байқауы өтеді
Фото: автордан

Астанада "Шәкен Айманов және қазақ киносы" тақырыбында студенттер арасындағы кинотанушылық жұмыстар байқауы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ ұлттық өнер университеті, "Өнертану" кафедрасының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 5 наурыз күні қазақ ұлттық киноөндірісінің негізін салушы, көрнекті актер әрі режиссер, Қазақстан мен КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай "Шәкен Айманов және қазақ киносы" тақырыбында "Кинотану" мамандығының студенттері арасында зерттеу жұмыстарының байқауы өтеді.

"Асқар тау алыстаған сайын асқақтайды" демекші, фильмдері оқиғалық құрылымымен, жанрлық алуандылығымен, терең пәлсапалық мазмұнымен ерекшеленетін, озық ойлы, шынайылықты арқа тұтқан режиссер Шәкен Аймановтың кинематографиялық мұрасын зерттеу қашанда кинотанушылар үшін маңызды.Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы Бауыржан Нөгербек "Шәкен Айманов тұңғыш қазақ режиссері, ал оның "Махаббат туралы аңыз" фильмі қазақ ұлттық киносының бастау-бұлағы" деп жазды. Ш. Аймановтың кинематографиясын тану дәстүрі бүгін де өз жалғасын табуда, - деді "Өнертану" кафедрасының аға ұстазы, кинотанушы Жанна Ибрагимова.

Студенттер арасында кинотанушылық жұмыстар байқауы өтеді

Осы орайда, байқауға қатысатын студенттер Шәкен Аймановтың кинематографиялық туындыларындағы бұрын-сонды ашылмаған қырларын қазіргі заманғы отандық кинотану контексінде зерттеп-зерделеуге талаптанады. 

Шәкен Аймановтың фильмдері ұлттық кино өнерінің тамаша үлгілері ғой. Уақыт, қоғам өзгеріп, қанша ұрпақ ауысса да, ол шығармалардың мәңгі өмір сүретіні хақ. Сондықтан ұлы режиссердің шығармашылығын зерттеу жұмысы ешқашан тоқтамайтыны белгілі. Бұл іске бүгінгі жас буын кинотанушылардың да қызығушылығы жоғары екеніне үнемі куә болып жүрміз. Наурыз айының басында өткелі отырған байқау осының дәлелі болса керек, - дейді кинотанушы, “Өнертану” кафедрасының профессоры, өнертану кандидаты Нәзира Мұқышева

Суреткер шығармашылығы туралы теориялық негізде талдаудар жүргізіп, қазіргі кино процестің түйіткілді мәселелеріне тоқталады. Бұл болашақ жас кинотанушылардың кәсіби дағдысын қалыптастыруына, ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуына зор ықпалын тигізеді.

Өзгелердің жаңалығы