Стратегиялық металл: Қазақстан танталды әлемдік нарыққа қалай шығарып жатыр

Тантал – электроникада, аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібінде, медициналық жабдықтарда және жоғары технологиялық қорытпалар өндірісінде қолданылатын сирек әрі қымбат металл.

 shutterstock Бүгiн 2026, 07:40
Бүгiн 2026, 07:40
199
Фото: shutterstock

Қазақстанда құрамында тантал бар кен кездесетін 18 кен орны бар. Оның шамамен 80%-ы Шығыс және Солтүстік Қазақстандағы сирек металдарға бай гематитті кен орындарында шоғырланған. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Тантал – электроникада, аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібінде, медициналық жабдықтарда және жоғары технологиялық қорытпалар өндірісінде қолданылатын сирек әрі қымбат металл. Миллиондаған жыл бұрын қалыптасқан Шығыс және Солтүстік Қазақстанның геологиялық ерекшеліктері дәл осы өңірлерде танталға бай пегматитті желілер мен шашыраңқы кендердің түзілуіне себеп болған.

Министрліктің мәліметінше, ел аумағында анықталған құрамында тантал бар 18 кен орнының 12-сінде оған қоса ниобий де кездеседі. Қазақстандағы тантал қорының жалпы әлеуетінің шамамен 80%-ы Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Бұл өз кезегінде өңірлік өнеркәсіптік даму стратегиялары мен экономикалық саясатты қалыптастыруға негіз болады.

Соның нәтижесінде бұл аймақтарда айқын өнеркәсіптік әлеует қалыптасып отыр. Тау-кен металлургиясы дәстүрлі түрде дамыған Шығыс Қазақстан үшін тантал стратегиялық металдар сегментіндегі шикізаттық мамандануды күшейтеді. Ал тарихи тұрғыдан агроөнеркәсіп пен машина жасау салалары басым Солтүстік Қазақстан үшін тантал қорының игерілуі өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін факторға айналуы мүмкін.

Ресурстардың бір жерде шоғырлануы кен орындарын игеру кезіндегі инфрақұрылымдық шығындарды азайтуға, жергілікті өндірістік кластерлер қалыптастыруға және аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып қайта өңдеу қуаттарын дамытуға жол ашады.

Металлдың стратегиялық маңызы

Әлемде технологиялық өзгерістер күшейген сайын мұндай металдарға сұраныс тұрақты түрде сақталып келеді. Министрліктің мәліметінше, Қазақстан бүгінде танталды әлемдік нарыққа қорытпа, түрлі бұйымдар және ұнтақ түрінде жеткізетін елдердің қатарына кіреді. Бұл елдің тек шикізат жеткізуші ғана емес, белгілі бір деңгейде өңдеу саласына да қатысып отырғанын көрсетеді.

Сирек металдар саласындағы мемлекеттік саясат тек шикізат экспорттаумен шектелмейді. Елде терең өңдеу өндірісін дамытуға басымдық берілген. Тантал бойынша Қазақстанда өнімді өңдеудің бірнеше кезеңі жолға қойылған. Мұндай тәсіл ел ішінде қосылған құнды арттырып, экономиканың тек шикізатқа тәуелді моделін азайтуға мүмкіндік береді.

Тантал кен орындарын игеру, оның ішінде қатар кездесетін ниобийді де есепке ала отырып, минералдық ресурстарды кешенді өңдеуге және табиғи қорды тиімді пайдалануға негіз қалайды.

Геоэкономикалық контекст

Әлемде стратегиялық ресурстар үшін бәсеке күшейген тұста тантал көптеген мемлекет үшін технологиялық әрі өнеркәсіптік қауіпсіздік тұрғысынан маңызды металл ретінде қарастырылады. Осындай жағдайда Шығыс және Солтүстік Қазақстанда едәуір ресурс қорының болуы Қазақстанның сирек металдардың халықаралық жеткізу тізбегіндегі орнын нығайта түседі.

Министрліктің айтуынша, инвесторлармен жұмыс істеуде Қазақстан теңгерімді саясат ұстанады: бір жағынан инвестиция тартуға жағдай жасалады, екінші жағынан ұлттық мүддені қорғау қағидаты сақталады.

Шығыс және Солтүстік Қазақстанда тантал қорының шамамен 80%-ының шоғырлануы – тек геологиялық көрсеткіш қана емес, стратегиялық маңызы бар өнеркәсіптік ресурс. Өңдеу өндірісі мен инфрақұрылым жүйелі түрде дамыған жағдайда бұл әлеует өңірлер экономикасын күшейтіп, экспорт мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанның сирек металдар нарығындағы орнын нығайта алады.

Наверх