«Стоп-кредит» қосулы болса да несие беріле ме?

8 Қазан 2026, 16:51
АВТОР
 magnific.com 8 Қазан 2026, 16:51
8 Қазан 2026, 16:51
156
Фото: magnific.com

Қазақстанда азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін «Стоп-кредит» қызметі жұмыс істейді. Бұл қызмет қосылған кезде қаржы ұйымдары азаматқа қарыз беруден бас тартуға міндетті. Алайда заңнамада бұл шектеу қолданылмайтын бірқатар жағдай бар.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еске салды.

Мәселен, «Стоп-кредит» қосулы тұрғанына қарамастан, мына жағдайларда банктік қарыз беруге рұқсат етіледі:

  • тұтынушылық қарыздың сомасы тауарды, жұмысты немесе қызметті тікелей сатушының банктік шотына аударылса және қарыз алушы тауарды немесе қызметті алғанын растаса. Бұл тауарлық кредитке қатысты;
  • қарыз азаматтың сол банктегі басқа кредиті бойынша берешегін өтеуге берілсе. Бұл ішкі қайта қаржыландыру болып саналады;
  • төлем картасы бойынша 150 АЕК-тен, яғни 648 750 теңгеден аспайтын кредиттік лимит белгіленсе. Мұндай лимит тауарлар мен қызметтерге төлем жасау үшін пайдаланылуы мүмкін;
  • қарыз қаражаты тек салықтарды, айыппұлдарды немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге аударылса.

Микрокредиттерге қатысты да бірқатар ерекшелік бар. «Стоп-кредит» қосылған кезде микроқаржы ұйымы:

  • тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін ақшаны тікелей сатушыға аударуға;
  • сол микроқаржы ұйымындағы берешекті қайта қаржыландыруға;
  • салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге микрокредит беруге құқылы.

Ал ломбардтар беретін микрокредиттерге «Стоп-кредит» қолданылмайды.

Егер банк немесе микроқаржы ұйымы «Стоп-кредит» талаптарын бұзып, азаматқа қарыз берсе, қаржы ұйымы заңда белгіленген шараларды қабылдауға міндетті. Оның ішінде қарыз берешегін есептен шығару, азаматтың кредиттік тарихын түзету және одан өндіріп алынған қаражатты қайтару қарастырылған.

Агенттік «Стоп-кредит» тетігі қаржы ұйымдары қарыз беру кезінде орындауға міндетті басқа талаптарды жоймайтынын атап өтті.

Наверх