Степногорскіде әкім орынбасары 52 млн теңгенің жерін заңсыз бергені үшін жазаланды

Жер учаскелерін қайтару туралы 2 талап-арыз сотқа жолданды.

 Жер ресурстарын басқару департаменті Бүгiн 2026, 14:04
Бүгiн 2026, 14:04
208
Фото: Жер ресурстарын басқару департаменті

Степногорскіде әкім орынбасары 52 миллион теңгенің жерін заңсыз бергені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде Степногорск қаласының прокуратурасы кадастрлық құны 52 млн теңге болатын, жалпы аумағы 1 500 гектардан астам жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды.

Тексеру барысында жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары тарапынан жер заңнамасының өрескел бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, жер учаскелерін сауда-саттықсыз беру, конкурстық рәсімдерді сақтамау, жерді нысаналы мақсатына сай пайдаланбау, сондай-ақ жерді өз бетінше басып алу фактілері орын алған. Қала әкімдігі тарапынан жерді ұтымды және нысаналы пайдалануына мемлекеттік бақылау іс жүзінде жүзеге асырылмағаны анықталды, деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.

Прокуратураның талап етуімен Жер ресурстарын басқару жөніндегі департамент тарапынан заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерін қайтару туралы 2 талап-арыз сотқа жолданды.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жер қатынастары мәселелеріне жетекшілік ететін әкім орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жер учаскелерін пайдалану және беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары қала прокуратурасының тұрақты бақылауында, делінген хабарламада. 


Наверх